Абай облысының әкімі Берік Уәли экоблогерлермен жүздесті. Аймақ басшысы Таза Қазақстан бастамасына ат салысып, шаһар тазалығына үн қосып жүрген желі белсенділерін арнайы шақырып, марапаттады.

Кездесуге әлеуметтік желіде белсенділік танытып, бейнероликтері арқылы көпшілікті тазалыққа үндеп жүрген Кербез Егінбаева мен Дамир Әскериянов шақырылды. Экоблогерлердің контентін көретіндер аз емес. Олардың әр видеосы жүз мыңдаған қаралым жинайды. Жиын барысында облыс әкімі Берік Уәли белсенділерге алғысын білдіріп, бұл істің үлкен ерлік екенін жеткізді.

БЕРІК УӘЛИ – АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Сіздердің осы бағыттағы азаматтық, ерікті түрде жасап жүрген позицияларыңыз бізді өте қуантады. Басқаларға ой салады. Өзім де осы сіздердің жұмыстарыңызды қадағалап отырамын, көріп отырамын.

Отырыс аясында блогерлер аймақ басшысымен тілдесіп, алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ, қала тазалығын арттыру бойынша бірқатар ұсыныстарын айтты.

КЕРБЕЗ ЕГІНБАЕВА – БЛОГЕР
Аптасына бір күн жариялап, біздер, яғни, блогерлер арқылы жарияласа. Қаражаты жетпей жүрген адамдар болса. Тегін, осылай қоқысыңызды өткізе аласыз деген сияқты. Бәлкім бір көлікті жіберіп, жинап шықса.

Жиын барысында аймақ басшысы экоблогерлерге аранайы алғыс хаттарды табыстады. Тазалық шараларын ұйымдастырып, оның аясында көпшіліктің басын қосқан белсенділдерге түрлі кәдесыйлар берілді.

Блогерлер алдағы уақытта да тазалық шараларын өткізуге ынталы. Бүгінгі кездесудің алар орны ерекше, дейді олар.

КЕРБЕЗ ЕГІНБАЕВА – БЛОГЕР
Өте керемет қуанышқа бөленіп тұрмын. Күтпеген едік, бұндай марапат болатынын. Және облыс әкіміне қала тазалығын жақсартуға байланысты ұсыныстарымды айттым. Ол кісі бірден ол ұсыныстарды ескеріп, өз көмекшілеріне тапсырма ретінде жолдап, кері байланыс берді.
ДАМИР ӘСКЕРИЯНОВ – БЛОГЕР
Облыс әкімі Берік Уәли мырзаға көп рахмет. Осылай бізді қолдап отырғанына. Алдағы уақытта жақсы жұмыстар жасаймыз. Әр сенбі шығамыз.

Аймақ басшысымен кездесіп, облыс әкімінің алғысын алу оларды одан әрі еңбектенуге жігерлендіре түсті.


Ерасыл Кенжебек