Ескі көпірде жөндеу жұмыстары аяқталды. Бүгін жол жолағы сызылады. Ертең ашылады. Бұл жайында облыс әкімі Берік Уәли көпір жұмысын көруге барғанда мәлім етті. Жүргізушілер енді екі жолақпен жүреді. Жүру жылдамдығы бұрын 40 болса, енді 60-пен жүруге болады.

Көпірге асфальт төселіп бітті. Бұрын қандай еді, қазір қандай?! Әкімнің тапсырмасы аптаға жетпей орындалды. Шаһардың қос жағалауына енді еркін қатынауға болады. Аспалы көпір де, ескі көпір де тақтайдай тегіс. Қыркүйекте жаңа оқу жылы басталып, қарбаласқан уақытта кептеліс болмайды.

БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Мынау ескі көпір де жаңа көпір болып қалды. Ескі көпір деп айтуға аузың бармайды. Мынаның өзі де жақсы. Бұрын енді 40 жүретін болса, екі жолақпен 60 жүретін болады. Нағыз халықтың жүріп – тұруына өте ыңғайлы жағдай туғызып отырмыз. Болды онда, бүгін жол белгілерін бәрін орнатып, одан ертең ашу керек.

ЖАҢА КӨПІР ҚҰРЫЛЫСЫНА ҚЫТАЙ ЕЛІНІҢ ГРАНТ ҚАРЖЫСЫ БАҒЫТТАЛМАҚ

Семейде Ертіс өзені арқылы салынып жатқан көпір құрылысын аяқтау үшін қосымша қаржы керек. Өткел 2022 жылы басталған. Үш жылда қолданысқа берілуі тиіс болған. Алайда, материалдың күрт қымбаттауы бар, басқа да себептерге байланысты құрылыс баяулап қалған еді. Облыс әкімі түйткілді мәселінің түйінін тарқатты. Көпірдің құрылысын аяқтауға Президент қолдау білдіреді. Қаржы Қытай тарапы бөлетін қайтарымсыз гранттың қаражатынан алынады.

БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Жаңа салынып жатқан көпірдің құрылысын, ақшасын бұйырса Президентпен өткенде келісіп, мына Қытайдың беріп жатқан грантын ақшасын сұрап алдық. Арнайы Астанаға барып. Өткенде келісіп. Хат жазып, Президент қолдады. Үкімет те ақшасын бөлетін болды.

Мердігер мекеме көпірдің құрылысын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Бірақ, асфальт болмайды. Тек көпір ашылады. Ал ерте көктемде асфальт салынады. Салынып жатқан көпірдің құрылыс аяқталғанда ескі көпір Ертіс өзені арқылы өтетін қоғамдық кеңістікке айналмақ. Мұндай көпірлер Еуропа елдерінде көп.

БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Ескі көпірді арбатқа айналдырамыз. Мұның айналасының барлығына жарық шамдардың барлығын әдемілеп жасаймыз. Презентациясының барлығын жасаймыз ғой. Бұл енді келесі жылы осы жерде адамдар тек қана жаяу жүретін болады. Сауда орындары болады шет – шетінде. Екі жақ шетінде.

Шаһардың қос жағалауына енді жаяу да қатынайтын күн таяу. 60 жылдан аса Ертістің екі арнасын жалғаған көпір жаңа қоғамдық кеңістікке айналмақ.


ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ