Мемлекет басшысы елімізде білім сапасын арттырудың маңыздылығын үнемі атап келеді. Осыған байланысты өңірде білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға, сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлінуде. Семейде дәстүрлі облыстық Тамыз конференциясы өтті. Жиын барысында білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.

Биылғы жылы мектепке дейінгі білім беру саласында орын тапшылығы 5 пайызға азайып, қосымша 1 500-ден астам бала балабақшамен қамтылды. Орта білім беру жүйесінде жеке инвестиция есебінен 1 200 орындық IT-мектеп ашылды. «Келешек мектептері» жобасы аясында әрқайсы 1 500 орынға арналған екі жаңа мектеп пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы екеуі ашылады. Цифрландыру бағытында аймақтағы 135 мектеп Starlink жүйесіне қосылса, 90 мектепте автоматтандырылған кешендер орнатылуда. Барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Бұл атқарылған жұмыстар сапалы білімге жол ашып, жас ұрпаққа заманға сай оқу мүмкіндігін қалыптастыруға бағытталғанын көрсетеді.

БЕРІК УӘЛИ- АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Мемлекет басшысының қолдауымен іске асырылып жатқан «Абайға құрмет» акциясының аясында Астана қаласы біздің облысымызға 1500 орындық Дарын мектебін Семей қаласында салып беруге ниеттеніп отыр. Сонымен қата, облыс орталығының 2 мектебі де 1 мың орындық қосымша құрылыс жұмыстары салынады. Облыста 3 апатты мектептің мәселесі шешіліп, құрылыс жұмыстары басталды.

Конференцияның биылғы тақырыбы – «Білімнің келешегі: адал азамат, кәсіби маман». Жиынның негізгі мақсаты – жастарға мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар беру, еңбекқорлыққа тәрбиелеу, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру, сондай-ақ білім беру жүйесін еңбек нарығының заманауи талаптарына бейімдеу. Саладағы жаңашыл бастамалардың бірі – оқу үдерісіне жасанды интеллектті енгізу. Осыған орай қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Бұдан бөлек, балалардың қауіпсіздігіне де айрықша назар аударылуда. Тек өткен жылдың өзінде балалар қауіпсіздігіне қатысты алты заңға 94 түзету енгізілген.

ЕДІЛ ОСПАН- ҚР ОҚУ-АҒАРТУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ
Алдымызда тұрған міндет осы заң нормаларын іске асыру. Және балалардың арасындағы буллинг пен кибербуллингке қарсы бағытаталған антибуллинг бағдарламалары мектептерде ене бастайды. «ДосболLIKE» отандық өнім. Біздің ғалымдарымыз әзірлеген үлкен нәтижесін берді пилоттық кезінде. Осы жобаны біз мектептерге енгізе бастаймыз. Оқу-ағарту министрлігі қазіргі таңда педагогтерге балаларға арналған оқу бағдарламаларын әзірлеп отыр. Осы бағдараламалар арқылы біз барлық білім беру ұйымдарында жасанды интеллектті енгізу жұмыстарын қолға аламыз.

Тамыз конференциясына 300-ден астам педагог, білім беру ұйымдарының басшылары, психологтар, кітапханашылар, әдіскерлер және ардагер ұстаздар қатысты. Басқосуда Облыстық «Білім-инновация» мамандандырылған лицейінің директоры да сөз сөйледі. Бұл оқу орны биылғы «Үздік ұйым – 2025» байқауында бірінші орынды иеленіп, 30 миллион теңге грантқа қол жеткізді.

СЕРІК АЙДАРБЕКОВ- «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ОБЛЫСТЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ЛИЦЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Осы оқу жылында біздің білім беру ұйымы Үздік білім беру ұйымын жеңіп алып отыр. Және жетістікке жету үшін өз үлесін қосқан кәсіби білікті ұстаздарымызға, және өз өнерлерін көрсеткен оқушыларымызға алғысымызды айтамыз.

Жиын барысында үздік білім беру ұйымдарына арнайы сертификаттар табыс етілді. Бірқатар ұстаздар «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хаттарымен және Абай облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.


АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА