Семейдегі Отбасын қолдау орталығы жаңа оқу жылы қарсаңында оқушыларға сый жасады. Олар демеушілердің көмегі арқылы 100 балаға сөмке, оқу құралдары, киім-кешек берді. Айта кетейік, өңірде 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» акциясы өтуде. Бүгін әбігерге түсіп жүрген біраз ата-ана қуанды.
Кәрібжановтар отбасындағы алты баланың бесеуі оқушы. Жаңа оқу жылына бес бала да жаңа сөмке ұстап барады. Сөмкенің ішінде қажетті оқу құралдары да бар. «Оқу жылына дайындыққа әжептәуір қаражат керек. Біз үшін бұл үлкен қолдау», дейді балалардың анасы Зәуре.
ЗӘУРЕ ЖАҚИЯНОВА, АТА – АНА
Қазір сабаққа дайындаудың өзі бірталай, шамалы қиындық туғызады енді. Қаншама ауырлық бар. Соның міне, бір жағына шығысып, жеңілдік беріп, өстіп бізге көмегін беріп жатқанына көп – көп алғысымды айтамын.
Осылайша, Отбасын қолдау орталығы 100 оқушының ата-анасын қуанышқа бөледі. Әлбетте, демеушілердің көмегі - жаңа оқу жылына дайындықты жеңілдетіп қана қоймайды, балалардың білім алуына ынтасын да арттырады.
ОРЫНТАЙ НҰҒМАНОВА, АТА – АНА
Мен өзім алты баланың анасымын. 2 балам оқушы. Осы «Мектепке жол» акциясы аясындағы осындай Отбасын қолдау орталығына үлкен рақметімізді айтамыз. Және спонсорларға, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерге, бәріне өте алғысымыз шексіз. Бұл көпбалалы отбасыларға деген өте үлкен көмек.
Акция аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қажетті көмек көрсету мақсатында жылда өтеді. Орталық қызметкерлері де басымдықты осындай жанұяларға берген.
БАҚЫТГҮЛ БАЗАРБАЕВА, ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Барлық 100 бала мектепке ұстайтын сөмке, оның ішінде заттары және оның ішінде 24 балаға мектеп формасымен кәсіпкерлеріміз көмектесіп жатыр. Негізі біз D және E категориясы, көмекке мұқтаж, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсетудеміз.
«Amanat» партиясы да жылдағы дәстүрден жаңылмақ емес. Биыл да партиядан сайланған депутаттар, белсенділер ауыл-ауданда, қалада акцияға атсалысуда.
АЙДАР САДЫРБАЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ АБАЙ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Басты мәселе – балаларға қуаныш сыйлау. Осындай жылылықты сезген жас бүлдіршін ертең елім дейтін азамат боларына ешқандай күмәніміз болмайды. Болашақ бүгіннен басталады. Сондықтан, әр бала бақытты болуға лайықты деп пайымдаймыз.
Рас, баланың қуанғанынан артық ештеңе жоқ. Оқуына жағдай жасасаң, бала да білімге құштар болады ғой. Бар ынта – жігерін оқуға арнайды. Озат оқушы – елдің ертеңі емес пе?!
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ