Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру аясында Үкімет өңірлердің алдағы жылу маусымына дайындық жұмыстарын кешенді түрде тексеріп жатыр. Басты назар энергетикалық инфрақұрылымы әбден тозған және апат қаупі жоғары облыстарға салынып отыр. Үкіметтік жұмыс тобы Семейдегі нысандарды тексеруде.
Премьер – министрдің кеңесшісі Ермек Маржықпаев және Үкімет аппаратының аймақтық инспекторы Мақсұт Абдиев облыстың жылу маусымына дайындығын тексеруде. Олар «Ғаббасов»,«Орталық», РК-3 қазандықтарында болды. Оларда қазір маусымға дайындық қарқынды жүріп жатыр. Кем-кетігі түгенделіп, қыстан қысылмай шығудың бар амалы жасалуда. РК-3 қазандығы 7 мыңнан аса тұтынушыға жылу береді. 33 шақырымнан артық жылу желісі бар. Жоспарланған жұмыстың көбі аяқталып қалды, жалпы жылу беру маусымына дайындық 90 пайыз, дейді мамандар.
ЖАНДОС КАКИБАЕВ «ЖЫЛУКОММУНЭНЕРГО» МКК ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
РК-3 қазандығында экономайзер ауыстырылды. Газ жүретін құрылғылар, өзге де құралдар айырбасталды. Жалпы бұл жылу қазандығын қалыпқа келтіруге бюджеттен 97 млн теңге бөлінді. 15 қыркүйекке дейін барлық жұмысты аяқтауды жоспарлап отырмыз».
Үкіметтік жұмыс тобының мүшелері әр қазандықтың жағдайын көзбен көріп, алдағы қысқа қаншалықты әзір екенін қадағалауда. Қазіргі таңда қаланың жылу нысандары жылу беру маусымына орташа есеппен 86% дайын. Осы ретте 12 нысанда жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Жалпы облыс бойынша 23 жылу көзі мен 26 шақырым жылу желілерінде жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінде нысандар 82,8%-ға дайын. Семейдің жылу нысандары тозғандықтан кезекті жылу маусымына дайындық Үкіметтің ерекше бақылауында тұр.
НҰРГҮЛ САДЫҚОВА