Жылу нысандарындағы дайындық 15-ші қыркүйекке дейін аяқталады. Облыстың коммуналдық саласына жауапты басшысы аймаққа арнайы келген үкіметтік жұмыс тобына осындай ақпарат берді. Премьер – министрдің кеңесшісі Ермек Маржықпаев және Үкімет аппаратының аймақтық инспекторы Мақсұт Абдиев шаһардағы жылу көздерін аралады.
Жылу маусымына дайындық барысын бақылаған үкіметтік комиссия «ТЭЦ-1», «РК-1» және «103-103А» қазандықтарын аралады. Сондай-ақ, орталық жылу пункті мен жылу желілеріндегі жөндеу жұмысымен танысты.
ЕРМЕК МАРЖЫҚПАЕВ – ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ
КЕҢЕСШІСІ
Уақыт өте тығыз. Жұмыс қарқынын одан әрі күшейтуге тура келеді. Басшылық құрам да жылдамдатылған режимде жұмыс істеуі қажет.
Үкіметтік комиссия жылығу жауапты сала басшылығына бірқатар тапсырма берді. Бөлінген қаражатты тиімді пайдалану керектігін айтып, жылу беру маусымына дейін шешілу керек тұстарды жеткізді.
АЛТЫНБЕК ӘДІЛБЕКОВ – ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ – КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бүгін жергілікті атқарушы, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдармен бірге қорытынды тексеру жүргізілді. Нәтижесінде бірқатар ескертулер берілді. 2025–2026 жылғы жылу маусымы сәтті әрі тұрақты өтуі үшін әлі де қолға алынатын жұмыстар айтылды.
Қарағайлы ықшам ауданындағы қазандық жылу беруге дайын. Енді құжаттарын түгендеп, аумағын аббаттандыру керек.
САЯТ ӘКІМЖАНОВ - «ЖЫЛУКОММУНЭНЕРГО» МКК ДИРЕКТОРЫ
Жұмыстар жалғасуда. Барлық қажетті материалдар мен құрылғылар тиісті уақытта әкелініп жатыр. Алдағы уақытта жұмысшы санын көбейту бойынша тапсырма берілді.
Абай облысы бойынша 11 кәсіпорын мен 330 дербес қазандық жұмыс істейді. Қазір жылу пункттері мен желілерін жаңалау жұмыстары жүріп жатыр. Облыс бойынша барлық жұмысты 15 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарда.
Ерасыл Кенжебек