65 үлескер Жібек Жолы көшесі, 55 мекенжайындағы тұрғын үй кешенінен пәтер алмақ болып, ақша салған болатын. Бірақ құрылыс компаниясы жобалау-сметалық құжаттамасыз және рұқсатсыз жұмыс істеді. Компания заң бұзушылықтарды жоюға қатысты бұйрықтарды елемеді. Сот үйді бұзу туралы шешім шығарған. Облыс әкімі Берік Уәли үлескерлердің құжаттарын жеке қарастырып, әлеуметтік шиеленіске жол бермеуді тапсырған болатын. Міне, 2 айдан кейін тұрғын үй кешеніне қатысты түйіткілдің жолы табылды.

Даудың басы "Dala SK Construction" ЖШС қызметінен басталды. Irtysh Riverside тұрғын үй кешенінің құрылысын жобалау-сметалық құжаттарынсыз және рұқсатсыз жүргізген. Құрылыс компаниясы барлық ескертулерді елемеді. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының талап-арызы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қанағаттандырылып, заңсыз тұрғызылған нысанды бұзу туралы шешім қабылданған болатын. Үлескерлерді қолдау бойынша облыс әкімінің тапсырмасымен жұмыс тобы құрылды. Өйткені үлескерлердің әрқайсы үй аламын деп компанияға 10-нан 40 млн теңгеге дейін инвестиция салған. Енді үлескерлерге тұрғын үй берумен "Rain" құрылыс компаниясы айналысатын болады.

САЙЛАУҒАЛЫ БАЙНАЗАРОВ – АБАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Документтердің бәрі тексерілді. Қазіргі кезде «Райн» компаниясының бүкіл құрылыстық құжаттары, олардың заңдылығы тексеріліп, мемлекеттік сараптамалары бар. Ешқандай құжаттараына біздің ГАСК тарапынан претензия жоқ. Осының бәрін мен облыс әкіміне баяндадым. Содан кейін барып шешім қабылданды. Осы 65 үлескерді пәтермен қамтамасыз етеді деген сөзді сіздерге жеткізу үшін, Берік Уәлиұлының шешімін сіздерге жеткізіп отырмын. Бұл мәселе жайдан жай туылған жоқ, о бастан «Dala SK» компаниясының қандай да бір заңсыздыққа барғаны болса да, халық бұл жерде ешқандай зардап шекпеу керек»,- деген мәселені Берік Уәлиұлы негіздеме қылып қойған.

"RAIN" компаниясы өкілінің айтуынша, үлескерлерге Селевин көшесі, 35 мекенжайында салынып жатқан ABAY ELI тұрғын үй кешенінен пәтер беріледі. Айта кететін маңызды ақпарат, үлескерлердің "DALA SK" компаниясына құйған ақшасы күйіп кетпейді, сақталады. Қалған қаражатты кестеге сай жаңа мердігерлерге төлейтін болады.

БАҚДАРЛЫ ОРАЗБЕК – «RAIN» ЖШС ӨКІЛІ
Мерзімі – 2026 жылдың 1 тоқсаны. Дегенмен, біз өзіміздің қаржылық мүмкіндіктерімізді пайдаланып, әлі де болса ертерек қолға алып, пәтерлерді заңды түрде нотариалды кеңсеге барып, сіздермен Заң шеңберінде сату-сатып алу шартын жасауға өз тарапымыздан әрекет жасаймыз.

Осылайша, үлескерлер мәселесі біртіндеп шешілуде. Оларға Селевин көшесі, 12Б мекенжайында орналасқан үлескерлерді қолдау орталығында заңгерлік және экономикалық жағынан кеңес беріледі.


НҰРГҮЛ САДЫҚОВА