Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы Абай облысында жалпыөңірлік сенбілік өтті. Семей қаласында өткен сенбілікке ондаған мың тұрғын – мемлекеттік орган өкілдері, кәсіпкерлер, студенттер, еріктілер мен қала халқы белсене қатысты. Кезекті тазалық жұмыстарына облыс әкімі Берік Уәли әкімдік қызметкерлерімен, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, республикалық партия филиалдары өкілдерімен бірге Бейбітшілік аралындағы «Өлімнен де күшті» монументі маңын тазалады. Аймақ басшысы алдағы Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай, бұл аумақты абаттандырудың маңызын атап өтті. Тиісті жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, қалалық мәслихат депутаттары да бастаманы қолдап, мұндай тазалық жұмыстарының өңірдегі тазалық пен тәртіпті сақтаудағы рөлі ерекше екенін жеткізді.