«Бізге керек Абай-өлең, Абай-жыр...». Осындай тақырыппен «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында ақын, жазушы, драматург, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Айбек Сапышевтың туғанына 70 жыл толуына арналған еске алу кеші өтті. Айбек Сапышевтың өмір жолы Абай музейімен етене байланысты. Ақын 1984-1987 жылдары аралығында осы шаңырақта ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болып еңбек етті. Жазушыны еске алуға арналған әдеби-сазды кеште «Қазақ поэзиясындағы Айбек Сапышев мұрасы» туралы баяндалды.

Ұлан Сағадиев- «Жидебай-бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының директоры

Бұл Абай музейінде осындай өңірімізден шыққан белгілі қаламгерлерді еске алу, олардың өміршең мұрасын жас ұрпаққа насихаттау ісі жалғасуда. Айбек Тілеуханұлының осы Абай музейімен байланысы бар. Ол «Бізге керек Абай-өлең, Абай-жыр» деп өзі жырдап өткендей осы музейдің қабырғасында қызмет етіп, сондай-ақ қаламгер, ақын, драматург болғандықтан осы Абай музейімен үнемі байланыста. Өмірінің соңына дейін бірге қызмет еткен, бірге шығармашылық байланыста болған қаламгер.

Кеш барысында ақынның көп томдық шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Сонда-ақ, ақынның көзін көрген өнердегі достары, жұбайы жылы естеліктерімен бөлісті.

Ардақ Медетқызы- А.Сапышевтың жұбайы

Айбектің өлмейтін, өшпейтін үлкен мұрасын осы Абай музейі насихаттап, халыққа жеткізіп жатқанына үлкен ризашылық білдіремін. Біз 1979 жылы отау құрдық. Екеуімізде осы Семейдің Крупская педагогикалық институтында дәріс алдық. Менің Алла берген екі ұлым, екі келінім, төрт немерем бар. Енді ішіненде аталарының жолын қуған, кішкене соның ізімен жүріп келе жатқан балалар бар.

Өлең сүйер қауым еске алу кешінде ақынның сөзіне жазылған «Қызыма», «Немереме», «Қабанбай», «Ару арман» әндерін орындады. Оған қоса кеш қонақтары Айбек Сапышевтың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін «Өлең деген жүректің жан дауысы» тақырыбындағы көрмені тамашалады.