Биыл «Әулие Ырғызбай» қоры құрылды. Бабамызға арналған ас дәстүрлі түрде тамыз айының 25 күні беріледі. Жыл сайын кесенеге еліміздің әр өңірінен мыңдаған адам келіп, зиярат етті. Биылғы жылғы ас қор атынан алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Атақты емші Ырғызбай Досқанаұлы 1787 жылы туып, 1850 жылы дүниеден өткен. Кесенесі Тарбағатай тауының теріскей бетіндегі, Ақсуаттан Кіндікті ауылына баратын жолдың бойында, солтүстікке қарай 5 шақырым жерде Күмісті бастауының қасында. Ырғызбай әулие Тарбағатай тауының қойнауларында өсетін шөптермен адам емдеп, тәуіптік еткен. Алтайдың күнгейіндегі қытай емшілерімен де байланыста болыпты. Ел арасында бала кезінде қатты сырқаттанған Құнанбай қажыны анасы Зере түйеге салып алып, Ырғызбай әулиеге әкелген. Оның ем домынан соң Құнанбай құлан таза айығып кеткен екен.
Бәделхан Камалханұлы – Ы.Досқанаұлы атындағы әлемдік гран-при турнирінің авторы
Бұның басты мақсаты біріншіден атамызға деген рухына, аруағына бас иіу. Екінішіден, Ырғызбай Досқанаұлының рухын бүкіл қазақ еліне паш ету болып табылады. Мен ойлаймын, қазіргі заманда елдің рухын көтеруде үлкен ізгі іс-шара. Елге тәрбие болатын, тәлім болатын. Ырғызбай атамыздың аруағы бүгінгі күнде елді біріктіретін, елдің рухын көтеретін, кереметтей бір ізгі бастамаларға демеу болатын осындай бір киелі орын болып отыр.
Әулие Ырғызбай бабамызға арналған ас тамыз айының 25 күні өткізіліп келе жатқанына ширек ғасырдан асты. Осы уақытта еліміздің әр өңірінен мыңдаған адам келіп, зиярат етті. Соңғы 10 жылда Ырғызбай Досқанаұлының атындағы әлемдік гран-при турниріне келетін шетел спортшылары асқа қатысып, ұлттық дәстүрімізбен танысып жүр. Бұл жер туристердің назарын өзіне аударуда. Сондықтан кешен мемлекет қарамағына өткен. Қонақтарға барлық жағдай жасалған. Бұл жерде бір-біріне тілектес адамдар бас қосады.
Асқар Нұрахимов – «Әулие Ырғызбай» кесенесінің меңгерушісі
Әулие Ырғызбай атаның қоры құрылып, биыл алғашқы рет атамыздың 25-ші тамызда асын бергелі жатырмыз бүгін. Жылда береміз. Ал, осы уақытқа дейін Ырғызбай атамыздың туыстары, жанашырлары, Шыныбай ақсақал дейміз ғой сол кісілердің немерелері ұйымдастырып келгенбіз осы уақытқа дейін. Ас беру мақсаты – бұл атамыздың 235 жылы екен биыл. Туған күніне байланысты жылына бір рет осы уақытта атамызды еске алып, келе жатқан ұрпаққа көрсетіп, осындай ішкі шараларды өткізіп жатырмыз.
Қасиетті Ырғызбай әулиенің кешені қыс жазы қаптаған елден босамайды. Тамыз айында кешеннің орталық кітапханасында Әулие Ырғызбай бабаның өмірі жайлы ғылыми тəжірибелік конференция өткізу де дәстүрге айналаған. Онда тарихшы ғалымдар мен зерделі шежірешілер қызықты деректерді ортаға салды. Бұл жолғы басқосуда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы қорының төрағасы Шәміл Әбілтай авторлық «Ырғызбай» атты күйі орындалды
Жамбыл Жұманбаев – Өлкетанушы
2002 жылдан бастап Әулие Ырғызбай басында ас дәстүрлі түрде, тұрақты беріліп келе жатыр. Биылғы жыл ерекше өтуде. Қор құрылып жатыр, алғашқы конференция өтіп жатыр.
Сәдібек Түгел – «Ұлы дала қырандары» қозғалысының төрағасы
Осы кісілердің салған сара жолдары біздің болашақ ұрпаққа үлгі болса, жастарымыз осыдан үлгі алса, осы аталарымыздай данагөй болса, осы аталарымыз сияқты елге, жерге деген керемет сондай берілген адамдар болып өссе деген менің ниетім бар.
Айта кетерлігі, Ырғызбай ата жасаған емі үшін бір тиын ақы алмаған. Жаны жай тапқанға риза болып, мал мен дүние ұсынған жандарға «Бұл маған Алланың жіберген сыйы, ақы алсам аманатқа қиянат қылғандай боламын. Одан мұны жарлы-жақыбайларға беріңдер, сауабы мол болады» деп қайтарып жібереді екен. «Ырғызбай әулие кесенесі» ҚР Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасының 100 нысанының тізіміне кіреді.
Аслан Ертісбаев