Биыл Александр Сергеевич Пушкиннің туғанына 225 жыл. Осы атаулы күнге орай Ф. М. Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық музейде көрме ашылды. Оған қаламыздағы жас суретшілердің туындылары қойылды.
Көрме «Ертегілер, рифмалар, өлеңдер» тақырыбына арналды. Танымдық шараға қонақтар мен қала тұрғындары қатысты. Ресейдің Өскемен қаласындағы Бас консулдығының консул-кеңесшісі Александар Пушкиннің 225 жылдығына орай Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың құттықтауын оқыды.
НИКОЛАЙ ХОХЛОВ ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫНДАҒЫ РЕСЕЙ БАС КОНСУЛДЫҒЫНЫҢ КОНСУЛ-КЕҢЕСШІСІ
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып Отанымыздың мәдени-тарихи мұрасын ілгерілетуге үлес қосатын Ресейдің көптеген достарына терең ризашылығымды білдіргім келеді. Ұлы ақынның мерейтойына ұйымдастырылған орыс тілі күнін мерекелеу Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға, халықтар арасындағы достық пен сенімді сақтауға өз септігін тигізетініне сенімдімін.
Көрме - «Росы» шығармашылық студиясының және Ф. М. Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық мұражайдың шығармашылық жобасы. Жобаның басты мақсаты- балалардың оқуға деген қызығушылығын ояту, шығармашылық ізденістерін артыру, рухани және эстетикалық дамуға деген ұмтылысты тәрбиелеу.
ИРИНА СОЛОВЬЕВА Ф. М. ДОСТОЕВСКИЙ АТЫНДАҒЫ МУЗЕЙДІҢ ДИРЕКТОРЫ
Біріншіден, Пушкин Қазақстанға жат емес. Себебі ол Қазақстанда болған және Орал қаласында Пушкин мұражайы бар. Федор Михайлович Достоевский Пушкиннің шығармашылығына тікелей таңданып, оны өзінің ұстазы деп санады. Яғни, мұның бәрі кездейсоқ емес. Пушкинді аударған Абай. Бұл бір жыл бойы болған үлкен жоба, біз оны өткен жылы Мұражайдағы түн кезінде бастадық және осы жұмыстың нәтижесі бұл балалар суреттерінің көрмесі.
Көрмеге 7 жастан 15 жасқа дейінгі шығармашылық студия тәрбиеленушілерінің 28 жұмысы қойылды. Жас суретшілер өз туындыларында А.С. Пушкиннің ертегілерін оқыған кездегі эмоциялары мен сезімдерін көрсете алды. Барлық суреттер жарқын, түрлі-түсті
және әрқайсы өзінше қызықты.
МЕЛИНА АБДРАШИТОВА ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ СТУДИЯНЫҢ ПЕДАГОГІ
Көрмеде негізінен ертегілердің сюжеттері, Пушкиннің портреті және оның өмірбаянына қатысты дүниелер қойылды. Балалар бұл шараға үлкен қызығушылықпен қатысты. Біз барлық шығармаларды қайта оқыдық, ата-аналармен мұғалімдермен бірге талқыладық, қызықты идеялар өздігімен келіп отырды.
Балалар көрменің ашылуында ақынның өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар, «Пиковая дама» спектаклі қойылды. Оны Андрей мен Анастасия Глушковтар А.С. Пушкиннің аттас әңгімесі бойынша «Глушковтардың жаңа студиясының» тәрбиеленушілерімен бірге қойды. Музейдегі көрме 1 шілдеге дейін жалғасады.
МАЛИКА МУХТАРОВА