Шағын және орта бизнестің дамуына мемлекет тарапынан қолдау бар. Абай облысында өткен жыл ішінде 340 жоба қаржыландырылды. Тың бизнес идея ұсынып, қайтарымсыз грант иеленгендердің қатары артып отыр. Ауылды жерде түрлі кәсіп ашып, өз ісін дөңгелетіп отырғандардың көбейгені қуантады.

Қалбатау ауылының тұрғыны Бейсенбек Думанұлы Қытайдан келген қандас. Қолы шебер, аяқ-киім тігеді. Қолынан іс келетін азамат мемлекеттен 5 миллион теңге қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін дамытуға кірісті. Қазір отандық шикізатты пайдаланып, таза былғарыдан аяқ киімнің түр-түрін дайындайды.

БЕЙСЕНБЕК ДУМАНҰЛЫ ШЕБЕР
Ата-бабамыздан бұл. Менің ұлы атам осы кәсіппен айналысқан кісі болған.Мен өзім студент болып жүрген кезімде осы салаға араласа бастадым. Жездем бар еді. Сол кісінің қасында жүріп, үйрендім. Аяқ-киімдердің сапалылығы керемет. Сырты таза кожа. Қыста жылы болады. Іші қойдың жүні. Барлық жері тігіледі. Яғни, ызғар өтпейді.

Бейсенбек 2008 жылдан бері осы кәсіппен айналысады. Алғашында аяқ киім жөндеу, айналдырып тігу, жыртылған жерлерді жамау жұмыстарын үйінде бастаған кәсіпкер мемлекеттен қолдау алып, кәсібін әрі қарай дамытқан. Қазір шеберхана ашып, халыққа сапалы қызмет жасап отыр. Етікші шикізаттың ортасында отырып, соны өңдеудің ақсап тұрғанын жеткізді.

БЕЙСЕНБЕК ДУМАНҰЛЫ ШЕБЕР
Қойдың терілері қазір мысалы көбі далаға тасталып жатады. Оны үкіметке итермеу керек. Бұл енді біздің бір жағы жұмысымыз болады. Мысалы мынадай терілерді өзіміз өңдеп жасап алсақ. Машинаға салуға да болады. Аяқ-киім тігуге де болады. Ең болмаған кезде ұлтарақ жасауға болады. Ол да аяқтан сыз өткізбейді. Шығыс жақта осыны машинаға чехол етіп салып қояды. Соны өзіміз дамытсақ.

 Еңбекқор азаматтың қолынан шыққан өнімдерге аудан тұрғындары тарапынан сұраныс жоғары. Сапалы аяқ киім әзірлеу үшін ол жұмыс ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.

Рүстем Қайратұлы