Римма Теннің ата-анасы Солтүстік Кореяда дүниеге келген. Өткен ғасырдың 30-жылдары отбасы құрған олар, жайлы өмір іздеп, Ресейдің Примор өлкесіне қоныстанған көрінеді. Солақай саясаттың ықпалынан 1937-жылы күштеп Қазақстанға көшірілген. «Сол кезде мал тасымалдайтын вагондарға тиелгендер арасында қаршадай 2 баламен ата-анам да болыпты», - дейді Римма Ивановна. Осылайша Римма Теннің отбасы Алматы өңіріндегі Үштөбе станциясына көшіп келген. Ол кезде Примор өлкесінен еліміздің оңтүстігіне қоныстанғандардың ауылын «Қиыр Шығыс» деп атаған көрінеді. Римма Ивановна 1968-жылы Семейге келеді. Маман атанып, көп жылдар жемісті еңбек етті. Бүгінде 2 баладан, 4 немере сүйіп отырған бақытты ана. Қиын-қыстау заманда тағдыр тәлкегін тартқан түрлі ұлт өкілдеріне қазақ халқы үміт отын сыйлады, - дейді ол. Александра Усабаева - кәріс қызы, қазақтың келіні. Оның да ата-анасы қиын-қыстау заманда елімізге күштеп көшірілген. Қазақстанды Отаны санайтын Александра, қазақтың тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін ерекше құрметтейді. Білгені мен көкейге түйгенін немере-шөберелеріне үйретуден жалыққан емес. Береке мен бірлікке бастайтын ризашылық күнін ерекше атап өтуге тырысамын, - дейді ол. Кіндік қанымыз қазақ жерінде тамды. Осында бой жетіп, білім алдық. Көп ұлтты Қазақстанда татулығымыз жарасып, жұлдызымыздың жанғанына бақыттымыз, - дейді қос кейіпкер.