Тамыз айының әр екінші жексенбісі - құрылысшылар күні. Құрылыс саласының ел экономикасындағы үлесі жалпы ішкі өнімнің 6%-ын құрайды. Бұл салада миллионнан астам адам еңбек етеді екен. Бүгін облыс әкімі Берік Уәли өңірдегі еңбегімен дараланған сала мамандарына құрмет көрсетіп, марапаттады. Ерзат Жанатұлы сабақтасын.
«Бұл қажырлы еңбектің, қажымас қайраттың мерекесі. Сіздердің адал еңбектеріңіз көркем өмір, көрікті мекен, қауіпсіз орта құруда аса маңызды», деді облыстың әкімі. Сосын, қарапайым еңбек адамдарын құрметтеу, адал еңбекті бағалау мемлекеттік идеологияның басым бағыттарының бірі екенін баса айтты. Алда атқаратын ауқымды жұмыстарды бірлесе атқаруға шақырды.
БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Құрылысшы мамандығы – біздің қоғамда ең танымал және құрметті мамандықтарының бірі. Сіздердің арқаларыңызда ел игілігіне жараған жақсы, жаңа, креативті жобалар іске асып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан пайдалы мүмкіндіктер ашылады. Алда өздеріңізбен бірлесе атқаратын жұмыс көп. Облысымыз қайтадан жаңғырып, жаңадан құрылып жатыр. Көптеген жоспар, жұмыстарымыз бар.
Расында, өңірде құрылыс қарқын алған. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталық бой көтереді. Бүгінде облыс бойынша баспана кезегінде 20 мың 171 адам тұр. Оның 7 мың 181-і әлеуметтік осал топтарынан.
БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Семей қаласында өткен жылы басталған 13 несиелік тұрғын үйдің құрылысын биыл аяқтап, кезекте тұрған 712 адамды баспанамен қамтуды біз қазіргі таңда жоспарлап отырмыз. Бүгінге 183 пәтерді сатып алуға 2 миллиард 100 миллион теңге бөлініп отыр. Облыста облигация есебінен 8 миллиард 700 миллион теңгеге 430 пәтер сатып алуды көздеп отырмыз. Бұл да осы құрылыс саласындағы үлкен жоспарларымыздың бірі.
Құрылыс саласында еңбегімен дараланғандар марапатқа ие болды. Осы салада көпжылдық адал еңбегі, жоғары кәсібилігі, табанды қызметі және елдімекендердің инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі үшін Сәуле Досқожанова «Парасат» орденімен марапатталды.
СӘУЛЕ ДОСҚОЖАНОВА, ПАРАСАТ ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ
Президенттің атынан берілді. Енді, бұл маған енді, өзім енді жасымда, құрылыс тәжірибем бойынша, өте керемет, жұмысымды, еңбегімді бағалады.
«Құрмет» орденін Ахат Айтқазин де кеудесіне қадады. Ол жол саласында 25 жыл бойы тер төгіп келеді. Еңбек жолын қатардағы шеберден бастаған.
АХАТ АЙТҚАЗИН, «ҚҰРМЕТ» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ
Еңбек жолымды мен мастердан бастадым. Асфальтный заводта мастер болдым. Одан начальник участка болдым. Одан қазір зам директор по производством «Гордострой» мекемесінде. Сол 25 жыл еңбек істедік. Оны бағалап отыр. Көп – көп рақмет.
Жұмыстың жаманы болмайды, әр еңбек қадірлі. Еңбегі еленген әрбір құрылысшы - өңіріміздің мақтанышы.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ