Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы бірқатар нысанды аралады. Аймақ басшысы «Тігін фабрикасының» жұмысымен, жаңа көпір құрылысының барысымен танысып, ескі көпірдің жағдайын көрді.
«Семей тігін фабрикасы» ЖШС арнайы, медициналық, корпоративтік киімдер тігумен айналысады. Кәсіпорының жылдық қуаты– 140 мың өнім. Мұнда 140 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 2024 жылы дайын өнім мен шикізат қоймалары және дайындау-кесу цехы бар жаңа өндірістік ғимараттар пайдалануға берілді. Тігін цехтарына 50 дана заманауи технологиялық жабдық сатып алынды. 2025–2029 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, тігін цехтарын қайта жаңғырту мен модернизациялау, жаңа жабдық алу және алдағы 3 жылда аяқ киім фабрикасын іске қосу көзделген.
ХАЛЫҚТЫ ҰНМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІП ОТЫРҒАН КӘСІПОРЫН
Тігін фабрикасынан кейін облыс әкімі халық арасында «Мелькомбинат» деген атымен танымал ұн және құрама жем комбинатына барды. Кәсіпорынға биыл шамамен бір ғасыр толады. Осы уақыт ішінде ол елдегі ұн өндіретін ірі кәсіпорындардың біріне айналды. Сондай-ақ макарон өнімдері мен құрама жем шығарады. Жылына 112 мың тоннадан астам бидай ұны, 27 мың тонна кебек, 6 900 тонна макарон және 52 800 тонна құрама жем өндіреді. Қазір кәсіпорын қуатының тек 34 пайызы ғана пайдаланылып отыр. Комбинат өкілдері өндірісті ұлғайту үшін көмек сұрады. Берік Уәли бұл мәселені ҚР Ауыл шаруашылығы министріне жеткізетінін айтты.
АПТА СОҢЫНДА ЕСКІ КӨПІРГЕ ЖАҢА АСФАЛЬТ ТӨСЕУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛАДЫ
Әкім салынып жатқан жаңа көпір құрылысымен де танысты. Ұзындығы – 810 метр, ені – 23 метр. Қазірде 8 аралықты ұстап тұратын 9 тіреудің алтауы орнатылды. Құрылысқа күндізгі және түнгі ауысымда 120 адам және 15 техника жұмылдырылған. Алайда жұмыстар кестеден кешігуде. Аймақ басшысы көпірді жүздеген мың адам күтіп отырғанын айтып, құрылысты сапалы әрі жедел аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ өңір басшысы ескі көпірдің жағдайымен танысып, апта соңында мұнда асфальт төсеу жұмыстары басталатынын жеткізді.
БЕРІК УӘЛИ – АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
– 6 см асфальт төсейміз. Өткендегі аспалы көпір сияқты, тұрғындарымыз түсіністікпен қарайды деген ойдамыз. Ескі көпірдің асфальтын толық ауыстырамыз. Осы аптаның соңында жұмысты бастау керек. Қала әкімі, бұл жұмысты саған тапсырамын.
Ауа райы қолайлы болса, асфальт төсеуге бір апта жеткілікті. Жаңарту жұмыстары 900 метр көпірді және оған кіреберіс жолдарды қамтитын болады.
НҰРГҮЛ САДЫҚОВА