«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...». Семейде ұлы ойшылдың мерейтойы аясында дәл осындай тақырыппен дүниежүзілік поэзия фестивалі өтті. Хакім мұрасын әлемге жаңаша танытуды мақсат тұтты, әлемдік басқосу. Бұл ретте ақын шығармашылығы жаһанның 15 тіліне аударылған айта кету ләзім. Фестиваль Түркі дүниесінің халықаралық ұйымы «TÜRKSOY» және Михай Эминеску атындағы халықаралық әдебиет академиясының қолдауымен ұйымдастырылды.
Қырғызстанның халық жазушысы, ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Сұлтан Раев сөз алып, екі елдің достығына тоқталып, ұлы Абайдың күллі әлемге ортақтығы жайында сөз қозғады. Айта кету керек, поэзия кешіне Түркі әлемі жазушылар одағы мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген танымал шайырлар қатысты. Бұл бастама - Абай поэзиясын жаһандық контексте жаңаша танытуға бағытталған бірегей мәдени жобалардың бірі. Ион Диаконескуның «Ол құс – Мен» романының қазақ тіліндегі нұсқасы, Ұлықбек Есдәулеттің «Ақыннан сағат сұрама» кітабының румын тіліндегі нұсқасы, сондай-ақ Сауытбек Абдрахмановтың «Алып Абай» атты кітабы таныстырылды.
САУЫТБЕК АБДРАХМАНОВ, ӘДЕБИЕТТАНУШЫ
Бұл кітап тұтастай Абайдың бір ғана қырына - аудармашылығына арналған және бұл қазақ әдебиеттануында Абайдың аудармашылығына басы бүтін арналған алғашқы еңбек. Соны атап айтқым келеді. Менің осы тойға алып келген шашуым осы.
Дүбірі бөлек поэзия фестиваліне АҚШ-тың белгілі ақыны Уильям Уоллак Стефан, италиялық ақын, аудармашы Гаэтано Лонго, Конго Республикасынан ақын, прозашы, Нобель сыйлығының үміткері Кама Сивор Каманда және өзге есімі әлемге мәшһүр қалам ұстаған қауым келді. Елден Ұлықбек Есдәулет, Светқали Нұржан, Серік Ақсұңқарұлы, Ақберен Елегезек сынды шайырлар да Семейге жиналыпты. Бірқатар жазушылар мен ақындар ТҮРКСОЙ ұйымының мүшелігіне қабылданды. Олардың арасында америкалық ақын Уильям Уоллак та болды.
УИЛЬЯМ УОЛЛАК, АҚЫН (АҚШ)
«Менің ойымша, бүгінгі шара өте маңызды. Өйткені, бұл біздің Шығыс пен Батыстың байланысы. Оған қосымша Орталық Азияның өкілдері де қатысып жатыр. Мұнда біз жазушылар мен ақындармен кездесіп, бас қостық. Маған бұл үлкен қуаныш. Қазақстанға алғаш рет келіп, осындай таңғажайып адамдармен кездескеніме өте қуаныштымын. Сіздердің елдеріңіз маған ұнайды. Мен Абайды оқыдым. Ол көптеген дана сөздер, терең ойлар жазған. Бірақ сонымен қатар, халық түсіну үшін қарапайым тілде жазған. Бұл оның өз халқын қаншалықты жақсы көретінін көрсетеді. Мен оның өлеңдерін және әндерін жақсы көремін. Бүгін бард ретінде оның әнін орындадым».
Итальяндық ақын Гаэтано Лонго Хакімнің «Көзімнің қарасын», ал Уильям Уоллак «Желсіз түнде жарық айды» орындады. Ұлы ойшылдың мұрасы мен шығармашылығы мұхит асқанын, Еуропа жеткенін осы екі өлеңнің өзі-ақ дәлелдеп тұрғандай.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ