12 тамыз – Халықаралық жастар күні. Осыған орай, Семейдегі Арбатта мерекелік кеш өтті. Онда мемлекеттік жастар саясатын дамытуға ерекше үлес қосқан ең белсенді жастарға алғыс хаттар табысталды.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойын мерекелеу онкүндігі аясында 500 ерікті тартылды. Олар қонақтарға бағыт-бағдар көрсетіп, шетелден келген делегацияларға тілмаштық көмек көрсетті. Іс-шара барысында белсенді жастарға қаланың жастар саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін Семей қаласы әкімі міндетін атқарушының атынан алғыс хаттар берілді.
ОЛЖАС БЕЙСЕНБАЕВ- АБАЙ ОБЛЫСЫ ЖАСТАР САЯСАТЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.
Семей – жастар қаласы. Жастар жобаларының саны да артып келеді. Жақында біз “Абай Квиз” атты ауқымды зияткерлік ойынын өткіздік. 500 ерікті Абай мерейтойында өз үлесін қосты. Алдағы уақытта да “Тәуелсіздік ұрпақтары”, “Бірге бір толқында”, “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығы, “Жас кеңес” сыйлығы сияқты түрлі премиялар мен гранттар жастарға әрі қарай дамуға мотивация береді деген сенімдеміз.
Алғыс сөздерден бөлек, белсенділерге тосын сыйлар дайындалды. Арбатта бағалы сыйлықтар ойнатылған лотерея өткізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастар үшін ең басты сыйлық – бірге бас қосып, өз еңбектерінің қала үшін маңызды екенін сезіну болды.
ӘЛІБИ ӘБДІРАЙЫМОВ –«ШЫҒЫС ЖАСТАРЫ» ҚҚ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ
Өздеріңіз білесіздер, 12 тамыз – Халықаралық жастар күні. Біз жастарды құттықтауды кешеден бастадық. Таңертең көшбасшылыққа байланысты семинар-тренинг өткіздік, ал кешке жастарға арналған квиз-ойындар ұйымдастырдық.
Статистикалық мәліметке сәйкес, Қазақстанда 14 пен 35 жас аралығында шамамен 6,2 миллион жас бар. Оның 153 мыңнан астамы – Абай облысында тұрады. Олардың көбі өз өңірінің өміріне белсене араласып келеді.
ЕРКЕЖАН БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, ЕРІКТІ
Марапатым жайлы айтар болсам, мен қаламыздың дамуына үлес қосуға тырысып жүрген еріктілердің бірімін. Абай атамыздың 180 жылдығына орай өткен мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруға атсалыстым. Болашақта да Семейдің көркеюіне өз үлесімді қоса беруді мақсат етемін.
ЗЕРЕ ЖҰМАҒАЗЫ, ЕРІКТІ
Мен Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына байланысты еріктілік қызмет атқардым. Бұған дейін де ерікті болып, мектептерде президент қызметін атқарғанмын. Бүгін – Жастар күні. Барлық жасты шын жүректен құттықтаймын. Елдің көркі – жастар дейді ғой, сол қаймақтай жастарымыз әрдайым мақтаныш болсын.
Арбаттағы мерекелік кеш тек еңбек үшін берілген марапат қана емес, сонымен қатар жаңа таныстықтар, идеялар мен жоспарлар алмасу алаңы болды. Алда – жаңа жобалар, демек, жаңа кездесулерге себеп те көп.
НҰРГҮЛ САДЫҚОВА