Биыл ауыл шаруашылығына қажет жаңа техника сатып алуға 200 млрд. теңге бөлінген. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді қолдауға 43 млрд. теңге қарастырылыпты. Үкімет биыл шаруаларға 800 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөлсе, оның 400 мың тоннасы күзгі жиын-терімге бағытталады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов өңірдегі сала мамандарымен, шаруалармен кездесуінде айтты.

Биылғы жылдың 6 айында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 3,7%-ға ұлғайып, 1,8 трлн. теңгені құрады. Бұл өсім мал шаруашылығындағы өндіріс көлемін 3,2%-ға, өсімдік шаруашылығында 14,5%-ға ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді. Осы жылы жалпы егіс алаңы 23,7 млн. гектар болды. Кездесудің мақсаты сол, шаруаларды қандай мәселе толғандырады, түйткілді болса, түйінін тарқату, ашық диалог құру еді. Азат Сұлтановтың айтуынша, аграрлық саланы дамыту бойынша елімізде мемлекеттік бағдарламалар ретімен жүзеге асуда.

АЗАТ СҰЛТАНОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ
Осы жылда да «Кең дала 2» бағдарлама бойынша, ол егін жинау жұмыстарына арналған бағдарлама. 700 млрд. теңге биылға Үкімет тарапынан біз қарастырдық. Сонымен бірге техника алу үшін 200 млрд. теңге бөлінді. Енді өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Былтыр бізде 120 млрд. теңге бөлінді.

Қазақстанда ірі қара және ұсақ мал бордақылау алаңдарын қолдаудың ауқымды бағдарламасы іске қосылған. Сала өкілдері төмен пайызбен жеңілдетілген несиелер ала алады. Жаңа несие бағдарламасымен биыл шамамен 50 млрд. теңге бөлу қарастырылған. Қаржыландыруға мерзімі бір жылға дейін, жылдық мөлшерлемесі 5% болатын несие алуға болады. Осы ретте біздің шаруалардың өз айтары бар.

ҚАЙЫРЛЫ ҚАСЕНОВ, «МӘУЛІТ» ШҚ БАСШЫСЫ
Бірақ, мал бордақылау алаңына бұқаларды ғана емес, сиырларды да өткізсе деген ұсыныс айттық жаңа. Және де кредитті берген кезінде бір-ақ жылға беріп тұр да. Кредитті 5 проценттік кредитті мал бордақылауға. Бұл бір жыл деген аз. Жоқ дегенде бізге 24 айға, екі жылға берсе. Екі жылға берілген кезінде мұны және де 3 айда целевой, жаңағы мақсатын орындау керек. Үш айда мақсатын орындау қиын. Осыны ары қарай созса және де тағыда осындай ұсыныстарымызды қазір бердік.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үшін 43 млрд. теңге бөлінді. Мәселен, «Қалиханұлы» шаруа қожалығының басшысы Марат Каликов өзінің сүт өңдейтін цехын әрі қарай дамытып, қосымша терең өңдеуді жоспарлауда. Кездесуге осының жайын білмекке келген.

МАРАТ КАЛИКОВ, «ҚАЛИХАНҰЛЫ» ШҚ БАСШЫСЫ
Әрине, жеңіл пайызды несиелерді айтты. Үш жарым пайыз, бес пайыз деді. Оған жаңағы, өзіміз жаңағы цехты салсақ, оған да қаражат бөлінеді екен. Алатын жаңа құжаттар бар. Жаңағы обородуваниелер бар. Оның бәріне төменгі пайызда несие алуға болатынын жеткізді.

Күзгі жиын-терім де таяп қалды. Диқандар осы уақытта жанар-жағармайдан тарығып қалатыны бар емес пе?! Ерте көктемнен бел шешпей еңбек еткен қауым күздің жауын – шашынына ұрынбай, шашау шығармай еккенін жинап алса, мол олжа. Вице-министр дизель отынынан мәселе жоқ, дейді.

АЗАТ СҰЛТАНОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ
Ауыл шаруашылығы жұмыстарына арналған Үкімет тарапынан 800 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Осы объемдар қазір түсіп жатыр әр облысқа. 400 мың тонна егін жинау жұмыстарына арналған. Баға туралы айта кетсек, ол қазіргі уақытта 15-20 пайызға да арзан.

Бұдан кейін вице-министр шаруашылық өкілдерін, сала мамандарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады.


ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ