АСТАНАЛЫҚ ВЕЛОСАЯХАТШЫ 1300 ШАҚЫРЫМДЫ БАҒЫНДЫРМАҚ
Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы барша халықтың назарын аударған ерекше мереке. Ұлылар еліне еліміздің түпкір-түпкірінен қонақтар жиналып жатыр. Солардың бірі – Сланбек Досымбаев. 63 жастағы астаналық зейнеткер Жидебайға қос дөңгелекті серік етіп, жолға шықты. Жол үстіндегі жолаушымен әріптесім Сұлтан Жоламанов кездесіп келді.
Ақсақал 700-ден аса шақырымды артқа тастап Семейге жетті. Алаштың астанасында дана Абайдың мұрасымен танысып, тарихи-рухани орындарды аралап, таным көкжиегін кеңейтіп қайтпақшы. Жол бойында Күшікбай батырдың бұлағынан су ішіп, Мұхтар Әуезовтің туған жері Бөрілінің топырағын басуға оқталып отыр.
Алыс жол шаршатады, әрине. Ауа-райының құбылғаны өз алдына. Дегенмен Сланбек Досымбаев бұл ерекше саяхатқа шыққанына дән риза.
Бұл ақсақалдың алыс жолдағы бірінші сапары емес. Сенімді серігімен бірге туған жері Қазығұртқа барып ту тіккен. Одан қалса, Сәкен Сейфулиннің «Көкшетау» поэмасынан шабыт алып, суреттелген жерлерді көру үшін 6 күн Бурабайға жаяу сапарлаған. Осы жолғы мақсаты Абайдың шығармашылығымен сусындай отыра, қасиетті Жидебайға барып, хакімнің жолымен жүріп өту. Сланбек Досымбаев киелі мекенде той қонақтарын күтіп алмақ.
СҰЛТАН ЖОЛАМАНОВ