Өндірістің жүрегі - механиктер. Олар техниканы жөндеп, оның ақаусыз жұмысын қамтамасыз етіп, саланың дамуына үлес қосады. Осындай маманның бірі – ауыр жүк көліктерін жөндеудің қыр-сырын меңгерген, тәжірибелі механик Денис Тютюньков.
Денис Тютюньков көліктің тілін тапқан маман. Алғашында кәсібін электрик, техник-электромеханик болып бастаған ол, кейін жөндеу орталығында автоэлектрик қызметіне ауысады. Бүгінде Volvo жүк көліктеріне диагностика жасап, күрделі жөндеулер жүргізетін білікті механик. Уақыт талабына сай жаңа техникамен жұмыс істеу үшін Денис үнемі біліктілігін арттырып отырады.
ДЕНИС ТЮТЮНЬКОВ- МЕХАНИК
Алғашында электрик, техник-электромеханик болып кірдім. Кейін көлік жөндеу орталығында автоэлектрик қызметін атқаруға ұсыныс түсті. Сол кезде менің автоэлектрик ретіндегі еңбек жолым басталды. Қазір Volvo жүк көліктеріне диагностика жасап, жөндеумен айналысамын. Біліктілікті арттыруға үнемі барамын. Біздің компания қызметкерлердің дамуына жағдай жасайды, бір орында тұрмаймыз. Себебі көліктер жыл сайын жаңарып келеді, жаңа технологиялар енгізілуде, сондықтан тренингтерге қатысып, емтихандар тапсырып, жаңа рұқсаттар алып отырамыз. Жұмысым өзіме ұнайды, өте қызықты.
Денис – тек тәжірибелі маман ғана емес, сонымен қатар жас кадрларға білгенін үйретуден жалықпайтын ұстаз. Компаниямен бірлесіп, ол автомеханикалық және политехникалық колледж студенттерін өндірістік тәжірибеден өткізеді.
АНДРЕЙ РЕЗНИКОВ- СЕРВИСТІ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРДЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Біздің ең білікті мамандарымыздың бірі – Денис Тютюньков. Бірге 2007 жылдан бері жұмыс жасаймыз. Қазір тамаша нәтижелер көрсетіп жүр, жүк көліктерімен жұмыс істеуде мол тәжірибеге ие. Біз колледждермен белсенді жұмыс істейміз –мысалы көлік колледжі, политехникалық колледждерінің студенттерін тәжірибеге қабылдаймыз, ал оқуын аяқтаған соң жұмысқа аламыз.
Денис Тютюньковтың күнделікті жұмысы- компьютерлік диагностика, ақауларды анықтау, бөлшектерді ауыстыру, қосымша жабдық орнату және бағдарламалау. Ол үшін әрбір тапсырма жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап ететін жаңа сынақ.
ДЕНИС ТЮТЮНЬКОВ- МЕХАНИК
Көлікті компьютер арқылы диагностикадан өткізіп, ақауларын анықтаймыз. Сосын жөндейміз. Жүк көліктеріне жоспарлы техникалық қызмет көрсетеміз, кепілдікпен келген көліктерді қараймыз, негізгі техникалық жұмыстарды орындаймыз, сатылым алдындағы дайындық жасаймыз. Қосымша саймандар саламыз. Бөлшектерді ауыстырамыз. Қысқасы, көліктің жүруі үшін қажет барлық қызмет түрін атқарамыз.
Жұмысшы мамандықтар жылы – әрбір маманның еңбегін бағалаудыңк кезеңі. Ал Денис Тютюньков сияқты шеберлер техникалық саланың ілгерілеуіне үлес қосып жүрген нағыз кәсіби мамандар.
АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА