Хакім тойында қазақ әдебиетінің қоржыны қос бірдей қазынамен толықты. Жазушы Асқар Алтайдың «Абай жолы» энциклопедиясын және Бағашар Тұрсынбайдың «Абай Құнанбайұлы кім?» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Абай әлемін тереңнен танытатын ерекше еңбек - «Абай жолы» энциклопедиясы. Дүниеге кең тараған ұлы роман-эпопея негізінде жазылған мұндай энциклопедия үлгісі әлемдік әдебиетте де кездеспейді. «Абай жолы» энциклопедиясының авторы - Наурызбай Ақбай. Ол туындысын 1998 жылы жарыққа шығарған. Жазушы Асқар Алтай ақын мерейтойына орай кітапты қайта жаңартып, 2 мың таралыммен басып отыр. Кітап ұлы ақынның рухани әлемі мен әдеби мұрасын жан-жақты қамтиды. Онда Абай дәуірі, отбасы, замандастары, идеялық мұрасы және қоғамдық көзқарастары ғылыми негізде баяндалған.

АСҚАР АЛТАЙ, ЖАЗУШЫ
Бұл әлемде, жалпы, көркем шығармаға арналған энциклопедия жазылған емес. Бұл тұңғыш. Мысалы, орыста да, басқа французда да көркем шығармаларға арналған энциклопедия жоқ. Тіпті, ағылшындарда жоқ. Ал енді бұл – тұңғыш энциклопедия. Энциклопедия енді, қалың оқырманға айта кетейік, 2 мың тиражбен шықты. 4 бояулы, түрлі-түсті, үлкен форметпен, эниклопедияға лайық форматпен шықты. Бірінші жолы қысқартып тастап шығардық. Ал енді мына нұсқасында толық түгелдей, ғылыми тұрғыдан жан-жақты шықты.

Ал Бағашар Тұрсынбайдың «Абай Құнанбайұлы кім?» атты кітабы балаларға арналған. Автор ұлы ақын туралы деректер мен оның шығармалары жайлы жас оқырман тілімен түсінікті етіп жазған. Бұл Абайдың өмірі мен тұлғалық болмысын жас ұрпаққа қарапайым әрі әсерлі тілмен жеткізген алғашқы туынды. 2 мың таралыммен басылған кітап енді мектеп бағдарламасында қолданылмақ.

БАҒАШАР ТҰРСЫНБАЙ, ЖАЗУШЫ
Абайдың өмірбаяны өте кең ауқымды. Оны Әуезов екі-үш қайтара жазды. Тұрсын Жұртбай жазды. Соны бір сығымдап, біздің балаларға кішкене ұғынықты тілмен, оқиғаларды да сығымдап қамтыдық. Көбінесе біз Абайдың ақындық қырын ғана емес, Абайдың адамдық болмысын, естеліктерде біз көбінесе Абайды оқырманнан алыстатпай, жақындату үшін жазылған кітап. Абайдың біздің жас оқырмандарға жақынырақ, қызықтырақ болар қырларын қамтуға тырыстық.

Абай тек қана ақын емес. Ағартушы, ұстаз. Кітаптың мақсаты - тұлғаның әлеміне оқушы көзімен қарау, Абайды жас оқырмандарға жақындату, дейді жазушы Қанат Тілеухан.

ҚАНАТ ТІЛЕУХАН, ЖАЗУШЫ
Біз әдетте балаларды ескермей жатамыз. Ересектерге кітаптар шығарып. Бұл кітаптың сонысымен құны өте жоғары. Өйткені, бұл жерде Абайдың қалыптасуы, бала Абай қалай болды, оның дүниеге келуі, оның алғаш оқыған кітаптары, оның алғашқы қадамдары, бір өмірлік тұрмыста ғана емес, шығармашылықта, мына ел ішіне араласуы, сондықтан да бұл кітап сонысымен құнды.

Семейде сөз өнерінің мерекесі, руханияттың мейрамы осылай өтті. Ұлы Абайды ұлықтау – ұлт руханиятына қызмет ету емес пе?! Қаламгер қауымның пікірі осыған тоғысты.


ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ