Бүгін ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының мерейтойлық онкүндігі «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» атаулы күнімен өтуде. Таңертеңнен халық Абай театрына айтыс тамашалауға асықты. «Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысына еліміздің сөзі мірдің оғындай, ақтаңгер ақындары жиналды. Мұндай жыр додасының Семейде өтпегеніне 20 жыл болыпты. Өлеңге сусап қалған қауым сөз дүлдүлдерінің өнерін тамашалуға театрға лық толды.
Алты Алашқа сауын айтқан аламанға көмейінен жыр төгілген, «сен тұр, мен атайын» дейтін, мықтылар жиналған. Сахнаның көркін қыздырған ақындардың осалы жоқ. 12 ақынның алтауы «Алтын домбыра», екеуі «Асыл домбыра» иегері.
ШҰҒАЙЫП СЕЗІМХАН, АЙТЫСКЕР АҚЫН, (АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ)
Бұл Абай атамыздың айтысында бәйге алған ақын да, алмаған ақын да олжалы қайтады деп отырмыз. Себебі, осындай қасиетті топырақта халықтың батасын алып, ықыласын алып қайтқанның өзі үлкен олжа деп ойлаймын. Той құтты болсын!
Әкімі ақынын іздесе, қолдаса неге қуанбасқа?! Төл өнерді қалың жұртпен қауыштырып, қайта табыстырып жатыр. Берік Уәлидің руханияттың жанашыры екеніне тағы көз жетті.
БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Семей жері осындай айтыс өткізуге толық лайықты деп есептейміз. Ал енді Абай атамыз айтқандай:
Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы, дейді. Бүгінгі айтыскер ақындарымыздың аузынан жақсы сөз шықсын. Өйткені, біздің халқымыз өте талғампаз, сөздің мәйегін түсінеді. Мықты азаматтар. Сол себепті, ақындарымызға жақсы сөз айтуына, елдікке, бірлікке шақыруына тілектеспіз. Абайдың тойы құтты болсын!
Рас, халық сусап қалыпты айтысқа. Залда орын жоқ. Көрермендер театр алдындағы экраннан тамашалап тұр. Осыдан-ақ арда өнерге деген Абай елінің құрметі орасан екенін анық аңғарамыз. Алыстан ат арытып келіп жатқандар да жоқ емес.
АБАЙДОЛЛА ТҮСІПБЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ
Арнайы келдік енді. Атамыздың тойына өзіміз келуді міндетті санаймыз. Енді бұндай айтыс болады ғой. Бірақ та, биылғы айтыс ерекше деп ойлаймын. Бүкіл бетке ұстар қаймақтың бәрі жиналды.
САНИЯРБЕК ТӘУІРБЕКҰЛЫ, КӨРЕРМЕН
Айтыс өте жақсы өтіп жатыр. Айбекке жанкүйермін.
ШӘРБАНУ САҒЫНҚАЖЫҚЫЗЫ, КӨРЕРМЕН
Айтыстың келгені ризамыз. Барлығана жанкүйерміз айтыскерлердің. Балалардың тілдері жаңылмасын.
Абай елінен Рүстем Қайыртай, Әсем Ережеқызы, Айбек Жеңісқазы мен Қуандық Кенжебекұлы сөз ұстаған. Бас жүлдеге темір тұлпар. Сосын қаржысы да қомақты. Иә, Семейдегі бұл айтыс бұрынғы айтыстан тым бөлек.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ