СЕМЕЙДЕ «ICE DRIFT BATTLE 2024» ЧЕМПИОНАТЫ ӨТТІ
Семейде алғаш рет қысқы дрифтен ашық чемпионат өтті. Бұл жарысқа Қарағанды, Өскемен, Павлодар және Семей қаласының автоспортшылары қатысты. Жарысты тамашалауға 3 мыңнан астам қала тұрғыны жиналған. Сюжетте толығырақ.
Дрифт – экстремалды-жылдамдықты автоспорттың бір түрі. Бұл сайыста көлік жүргізушісінің шеберлігі сыналады. Спортшыларға қойылатын шарт – небір қиылыс пен қалтарыста рөлді емін-еркін басқарып, автомобильдің күшін, жылдамдығын бақылауда ұстау. Жарыс басталмай тұрып, ұйымдастырушылар мұздың қалыңдығын жіті тексерген.
БАУЫРЖАН ДЮСЕНБАЕВ СПОРТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Біздің қалада алғаш рет «ICE DRIFT BATTLE 2024» спорттық жарыс өтіп жатыр. Бұл дрифт қысқы жарыс, яғни автокөлікпен арнайы траектория арқылы жүруі керек. Сайысқа Қазақстанның түкпір түкпірінен, Қарағанады павлодар Өскеменнен қатысушылар келіп жатыр
Жарысқа еліміздің өңірлерінен 30-ға жуық спортшы келген. Қазіргі таңда мұндай өнердің түрі жастар арасында кеңінен тарап келеді. Мұз үстінде көлікпен ойнақтаған әуесқойлар таңнан кешке дейін өзара мықтыны анықтап бақты. Епті де шапшаң, көз ілеспес жылдамдықтарымен жүргізушілер таңдай қақтырды. Жарыс қорытындысы бойынша екінші және үшінші орындарды Яков Шатаев және Иван Литвинов қанжығасына байлады. 1 орынды Евгений Гладких жеңіп алды. Үшеуі де Өскемен қаласынан келген.
ЕВГЕНИЙ ГЛАДКИХ «ICE DRIFT BATTLE 2024» ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ
Мен Өскемен қаласынан келдім. Автокөлік өзімдікі,өзім құрастырып барлығын өзім жасадым. Бұл спорт түрімен 5 жылдан бері айналысып келемін. Қысқы дрифт бұл қол жетімді спорт түрі. Әрі өте көп адреналин аламын. Семейде ресми жарыс ұйымдастырылғанына өте қуаныштымыз. Бұған дейін бірде-бір рет болған емес. Халық көп жиналды. Бұл жай көшедегі жарыс емес мықтылар жиналған нағыз дода.
Күннің суығына қарамастан теміртұлпар мінген каскадерлер арасындағы сайысқа қарап, адамның делебесі қозады. Таңғажайып экстремалды жарысты тамашалаған көрермен разы болып тарқасты.
Рүстем Қайратұлы