«Қазақстан халқына» қоры Абай облысының балаларын қолдау мақсатында жалпы құны 135 млн теңгеге реабилитациялық құрал-жабдықтар сыйға тартты. Өңірлік баспасөз туры барысында облыста атқарылып жатқан өзге де жобалар таныстырылды.

2022 жылдан бері «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Абай облысының тұрғындарына 25 қайырымдылық жоба мен бағдарлама бойынша жалпы сомасы 10,7 млрд теңгенің көмегін көрсетті. Қазір өңірде «QH Балаларды үй жағдайында оңалту» пилоттық жобасы іске асуда. Жобаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балаларға сапалы, тиімді әрі қауіпсіз реабилитациялық техникалық құралдарды ұсыну.

ДИНАРА НҰРҚАСЫМОВА – «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚОРЫ ЖОБАСЫНЫҢ АҒА МЕНЕДЖЕРІ
 Пилоттық жоба аясында бүгінгі таңда 400 бірлік реабилитациялық техникалық құралдар алынды. Оның ішінде Абай облысына 135 млн теңгеге 45 бірлік бөлінді. Жобаның негізгі мақсаты – балалардың үздіксіз оңалтудан өтуін қамтамасыз ету. Себебі, сіздер білесіздер, балалар жылына бір рет қана оңалтудан өтеді, біз мұны жеткіліксіз деп санаймыз.

Инновациялық реабилитациялық құралдарды қолданғаннан кейін екі бала жүре бастаса, 13 бала сүйеніп, тұра алады, ал 8 бала арқа бұлшықеттерін ұстап, өздігінен отыра алады.

ЕРНАР ӘЛІБЕК – РЕАБИЛИТОЛОГ-ДӘРІГЕР
Бұл құралдар балалардың денесін кеңістікте дұрыс ұстап отыру, басты тік ұстау, тұру кезінде тепе-теңдікті сақтау қабілетін арттырады. Сондай-ақ, сал ауруына шалдыққан балалардың бұлшықет құрысуын азайтып, олардың айналадағы адамдарға тәуелділігін төмендетеді. Бұл балалардың эмоциялық жағдайына да оң әсерін тигізеді.

Жоба Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге қолға алынған. Ерекшелігі сол құрал-жабдықтар балалардың үйлеріне тікелей жеткізіледі. Ата-аналары балаларға күнделікті жаттығулар жасатады, ал мамандар оны онлайн бақылайды.

Қордың өңірдегі табысты тағы бір жобасы – «Ауылдағы тірек мектептерін дамыту». Арнайы іріктеуден кейін Бородулиха ауылындағы Әлихан Бөкейхан атындағы орта мектеп таңдалды. Мектеп барлық пән бойынша жаңа үлгідегі кабинеттермен қамтылған. Олардың қатарында мектепке дейінгі дайындық кабинеті, робототехника, арт және телестудия, мультимедиа кабинеті, STEM-зертхана, физика мен химия кабинеттері бар.

БАЛҒЫН БЕКЕТАЙ – БОРОДУЛИХА АУЫЛЫНДАҒЫ Ә. БӨКЕЙХАН АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ
Жалпы қалалық жерлер мен ауылдық жерлердегі балалардың мүмкіндіктерін теңестіру. Сол мүмкіндікті осы «Қазақстан халқына» қорының жобасы әкеліп отыр.

Ауыл мектептерінің басшылары мен мұғалімдеріне НЗМ жанындағы педагогикалық шеберлік орталықтарында пәндік біліктілікті арттыру курстары өткізіледі. Мектепті жабдықтау бюджеті – шамамен 250 млн теңге. Баспасөз-турының барысында қордың нақты нәтижелері көрсетіліп, қайырымдылық жобаларының өңірдің дамуына және тұрғындарға берген мүмкіндігі көрсетілді.


НҰРГҮЛ САДЫҚОВА