Биыл "Жалпыға бірдей білім беру қорын" қаржыландыру көлемі 7 миллиард теңгеге жетті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады. ҚР Үкіметінің Қаулысына сәйкес әлеуметтік осал және аз қамтылған білім алушыларға қаржылық және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты жұмсау ережесі бекітілді.

Қолдау мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардың, сондай-ақ табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына, жетім балаларға және отбасыларда тұратын ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және төтенше жағдайларға байланысты қиын жағдайға тап болған отбасыларға беріледі. Бөлінген қаражат киім, аяқ киім, мектепке керек-жарақтарын сатып алуға, тамақтануды ұйымдастыруға, қаржылық көмек көрсетуге, мәдени және спорттық іс-шараларға қатысуға, сондай-ақ жалпы білім беретін пәндер бойынша қосымша сабақтарға бөлінеді.

"Жалпыға бірдей білім беру қорын" қаржыландыру көлемі жыл сайын өсіп келеді. 2025 жылы ол 7 млрд теңге бағытталды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1 млрд теңгеге артық. Осы әлеуметтік көмекпен 24 мыңнан астам бала қамтылды.

2025 жылдың қаңтар айынан бастап облыс бойынша бір оқушыға тегін тамақтанудың орташа құны 660 теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 теңгеге қымбат. Бір реттік тегін тамақпен 57 429 оқушы қамтылды.

2025 жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйегі аралығында елімізде аз қамтылған және көп балалы отбасылардың мектеп оқушыларын, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға бағытталған "Мектепке жол" республикалық акциясы өтуде. Оның мақсаты-жаңа оқу жылына дайындалуға көмектесу және әлеуметтік себептерге байланысты сабақтан қалудың алдын алу. Акция аясында облыста демеушілер есебінен 6,4 млн теңгеге 1555 бала материалдық көмек алды, сондай-ақ 2,3 млн теңгеге 52 балаға қаржылық қолдау көрсетілді.


НҰРГҮЛ САДЫҚОВА