Жеңістің 80 жылдығы аясында ұйымдастырылған «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны Абай облысына жетті. Аймақ жастары эстафетаны ШҚО-нан қабыл алды. Тағылымы мол жиынға аға буын өкілдері мен жастар қатысты.

Марафон Ақтөбе облысынан бастау алды. Негізгі мақсат – ардагерлердің өсиетін келешек ұрпаққа жеткізу, жас буын арасында отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті нығайту. Салтанатты шара аясында Өскеменнен үлкен аманатты арқалап келген делегация капсуланы Абай жастарына табыстады.

БАҚЫТЖАН ЕРБОЛ – ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Біз Жетісу облысынан қабылдап алдық. Өзім ШҚО бойынша барлық ардагерлердің үйіне барып, ол кісілердің баталарын алып, шықтық. Ал бүгін міне біз Абай еліне осы марафонды жолдап тұрмыз.

 «Ардагер өсиеті» - майдангерлердің ерлігі мен өмір жолын ұлықтайтын, өткеннің аманатын болашақ ұрпаққа жеткізетін тағылымды бастама. Абай облысы ардагерлердің өмірбаяны, жасаған ерліктері сақтаулы капсуланы алған 13-ші аймақ.

ОЛЖАС БЕЙСЕМБАЕВ – АБАЙ ОБЛЫСЫ ЖАСТАР САЯСАТЫ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Жеңістің 80 жылдығы, ардагерлерге деген құрмет бұл сол мамыр айындағы бір реттік іс-шара болмау керек. Жыл көлемінде майдангерлерге, тыл ардагерлеріне, жалпы үлкендерге деген құрмет құндылығы жастар арасында күнделікті дәріптелу керек.

Қабылдау рәсімін Абай облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері де қолдап, жастармен бірге салтанатты түрде өткізді. Өскелең ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеп, ардагерлер өсиетін насихаттаудың маңызына ерекше тоқталды олар.

ШАЙМАРДАН ҚАЛИАҚПАРОВ – ардагер
Біздің көргенімізді біліп, естіп, құлақтарына сіңіріп, еліміздің жақсы азаматтары болса екен. Сондай жақсы азаматтар болса біздің еліміз көркейеді. Қазақстан әлемге танымал мемлекеттердің бірі болады. Біздің экономикамызды дамытса, мәдениетімізді, салтымызды сақтап отырса.
 АЛЕКСАНДР КОНОВАЛОВ – ардагер
Қазіргі уақытта атқарушы органдар, білім беру ұйымдары әскери-патриоттық тәрбиеге айрықша көңіл бөлуде. Бұндай шаралардың жас буынды тәрбиелеуде маңызы зор екенін айтқым келеді.

«Ардагер өсиеті» - бейбіт өмірдің қадірін сезіндіретін, жас буынның рухани тәрбиесіне бағытталған маңызды бастама. Енді Абай жастары бұл марафонды Павлодар облысына жолдайды.


Ерасыл Кенжебек