Жыл басынан бері облыста есірткіге қатысты 140 қылмыстық іс анықталған. Оның 50-ден астамы есірткіні заңсыз айналымына қатысты. Мемлекет басшысы елдегі есірткіге қарсы күресті күшейту және халыққа түсіндіру жұмыстарын жандандыру жайында нақты тапсырмалар жүктеген. Біздің өңірде бұл жұмыс қалай жүзеге асып жатыр?! Келесі сюжетте.
Заңсыз айналымнан 374 келі түрлі есірткі және психотроптық заттар тәркіленді. Өткен жылы бұл 107 келі болған. Өкінішке қарай, көрсеткіш көңіл көншітпейді. Бұл өңірдегі есірткі қылмысына қарсы күресті әлі де ширатуды талап етеді. Полиция жыл басынан бері марихуана тасымалының 6 бағытының жолын кесті.
ГАУХАР ЕСПАЕВА, ПД ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АСА МАҢЫЗДЫ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ
«Есірткі құралдарын заңсыз айналымға енгізгені үшін 26 адам ұсталды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жасөспірімдер мен студенттер арасында мұндай қылмыс кездескен жоқ. Наркологиялық құқықбұзушылардың орташа жасы 18 жастан 40-45 жас аралығында».
Облыстық полиция департаменті жанынан есірткімен күресуге және алдын алуға ведомствоаралық штаб құрылды. Оның құрамына барлық мүдделі органдар өкілдері кіреді. Штаб есірткі бизнесінің алдын алуға назар аударады. Сонымен қатар, есірткіні интернет арқылы тарататындардың жолын кеседі. Жыл басынан бері 826 есірткі сайты бұғатталған.
ГАУХАР ЕСПАЕВА, ПД ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АСА МАҢЫЗДЫ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ
«Қазір 21-ші ғасыр, цифрландыру мен технологиялардың ғасыры. Барлық сауда-саттық негізінен интернетке көшті. Бізде «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі құрылды. Оның көмегімен біз заңсыз есірткі саудасын жүргізетін интернет-наркосайттарын бұғаттаймыз. Осы уақытқа дейін шамамен 900 есірткі сілтемесі бұғатталды».
Есірткіге қарсы күрес тоқтамайды. Ал оның алдын алу жұмыстары негізгі өзегі. Әлбетте, есірткімен күрес заң және тәртіп қағидатының айқын көрінісі.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ