Семейде өткен жылы Бөгенбай батыр көшесінде жүргізілген жол жөндеу жұмыстарынан кейін бірқатар люктері асфальт астында қалып қойған. Бұл жағдай жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығын тудырып отыр, өйткені құдықтар инженерлік желілерге қол жеткізу үшін қажет. Қазір мамандар олқылықт жою бағытында жұмыс істеп жатыр.
Көшеге төселген жаңа асфальт тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай тудырды. Десек те мұнымен бірге тағы бір мәселе пайда болды. Осы көше тұрғындарының су құбырына арналған люктері асфальт астында қалып қойған.
ЕРҒАЛИ ЖАРМҰХАМЕТОВ – БӨГЕНБАЙ БАТЫР КӨШЕСІНІҢ ТҰРҒЫНЫ
Асфальтты былтыр төсеген. Осы көшеде бірде-бір люк жоқ. Құбырда апат болса не істерімізді білмейміз. Өзіміз ашып көрейік десек, асфальтты бүлдіріп аламыз ба деп қорқамыз, тағы да айыппұл салуы мүмкін. Не істерімізді білмейміз, көршілер де бәрі шағымданып жүр, бірақ кімге барып жүгінерімізді білмейміз.
Аула халқы әзірге құбырлардың жарылуы немесе өзге де төтенше жағдайлар болмағанын айтады. Дегенмен болашақта қауіптің алдын алу үшін құдықтарға жедел қол жеткізудің маңызы зор дейді.
МАЛЬЧИМА ҚАЗМҰХАМЕТОВА – БӨГЕНБАЙ БАТЫР КӨШЕСІНІҢ ТҰРҒЫНЫ
Асфальт жасағанда бәріміз мәз болдық, асфальт салынды деп. Мүлдем жауып тастады құдықты. Ал құдықтың құбырлары ескі, жартысы ауыстырылды, ал жартысы ауыстырылған . Көбіне мында зейнеткерлер тұрады, кәрі кісілер. Хабарласып айттық мәселемізді, сендер асфальт жасадындар, рахмет, бірақ құдықты қалай табамыз, жарылып кетеді, сосын біз не істейміз деп.
КСМ: Бұл аумақтағы су желісі ескі үлгіде, кейбір құбырлар өткен ғасырдың ортасында салынған. Сала мамандары мұндай жағдайлар назардан тыс қалмайтынын, қажет болған жағдайда тиісті түзетулер жасалатынын жеткізді.
ӘДІЛБЕК УВАСИЛОВ – СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ
Бұл құдық жеке меншікке тиесілі болғандықтан, иесі бастапқыда ескертуі керек еді. Бірақ асфальт төселген кезде ондай ақпараттар болмағаннан кейін солай болған. Меншік иелері мердігер ұйымды алдын ала хабардар етуі тиіс болатын. Қазіргі уақытта біз мердігерге осы құдықты тауып, иелеріне көмек көрсету қажеттігі жөнінде хабарлама жолдадық.
Қаладағы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі де мәселені бақылауда ұстап отыр. Желі жекеменшікке қарасты болғанымен, мердігер компанияға тұрғындарға көмектесу ұсынылған. Әсіресе алдағы күз-қыс маусымында бұл маңызды деп атап өтті мамандар.
АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА