Жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде елімізде спорт күні аталып өтеді. Осы орайда шаһар спортшыларын құттықтау және марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты жиынға семейлік спорт саңлақтары, ардагерлер және саланың дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірқатар азаматтар шақырылды.

Мереке аясында бас қосқан спортшыларға Семей қаласы әкімінің алғыс хаты, Семей қаласының Құрмет грамотасы, сондай-ақ, дене шынықтыру және спорт бөлімінің алғыс хаттары табысталды.

ҚУАТ ИСАЖАНОВ – СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.
Аталған мереке Қазақстандағы спортшылардың кәсіби мерекесі. Және осы мерекеге орай қаламызда көптеген чемпионаттар ұйымдастырылып жатыр. Мәселен, таеквондо, кудодан, асық атудан, грек-рим күресі және басқа да спорт түрлерінен осы спорт күніне арналып, жарыстар өткізіліп жатыр.

Спортшылар үшін бұл күннің маңызы зор. Семей қаласының Құрмет грамотасын иеленген Камиль Хузиахметов пауэрлифтингпен шұғылданады. Спорттық жолын кеш бастаса да, үздік көрсеткіштерге жетуде. Ел біріншілігінің тұрақты жүлдегері. Алдағы уақытта әлемдік аренаны бағындыруды көздейді.

КАМИЛЬ ХУЗИАХМЕТОВ – СПОРТШЫ
Иә, мұндай іс-шаралар, әрине, спортшының рухын көтеруге септігін тигізеді. Мен өзіме ғана емес, соңымыздан ерген өскелең ұрпақ, жас спортшыларға да сәттілік тілеп, олардың биіктен көрінгенін қалаймын.

Үздік атанған спортшыларды марпаттау – олардың еңбегіне берілген әділ баға. Бұл үрдіс ел спортының дамуына серпін беріп, жас буынға үлгі болары сөзсіз. Мереке аясында түрлі спорт сайыстары да ұйымдастырылған.


ЕРАСЫЛ КЕНЖЕБЕК