Лудомания немесе құмар ойындарға тәуелділік – қоғамда өткір мәселе және оның салдары әртүрлі сипатта болуы мүмкін. Осы тақырыпта Абай облысында алғаш рет білім беру ұйымдары арасында лудоманияның алдын алу бойынша іс-шара өтті.


ХХІ ғасырдың дертіне айналған құмар ойындар бүгінде барлық жас санатындағы адамдарға әсер етіп, күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналған. Осыған орай, Семейде бірнеше кітап авторы, қоғам қайраткері Жан Ақжановпен кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге техникалық және кәсіптік, жалпы орта білім беру ұйымының басшылары, әлеуметтік педагогтар, педагог-психологтар қатысты. Іс-шара барысында Жан Ақжанов қатысушыларға құмар ойындарға немесе лудоманияға бейімділік тудыратын қоғамдағы мәселелер туралы айтып берді. Жасөспірімдердің өзін-өзі бұзатын мінез-құлқына қатысты тақырыптарды қозғады. Кездесу ойынға тәуелділікті жеңудің шешімдері және жолдарын табуға бағытталған.

ГҮЛМИРА УВАЛИЕВА - АБАЙ ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ОБЛЫСТЫҚ ИННОВАЦИЯЛЫҚ-ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҒЫ ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ БӨЛІМІНІҢ ӘДІСКЕРІ
Бүгінгі кездесу бұл Мемлекет басшысының халық арасындағы ойынға тәуелділік мәселелері жөніндегі тапсырмасын орындау, сондай ақ білім алушылардың мен тәрбиеленушілердің ойынға тәуелділігін алдын алу және құмар ойындардың балаларға психологиялық және әлеуметтік әл ауқатына әсерін тигізетін факторларды дер кезінде анықтау бойынша педагогтер үшін тәжірибе алмасу.

Жан Ақжанов құмар ойындармен күресу үшін ата-аналар мен мұғалімдер арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет екенін атап өтті. Бұған жол бермеу үшін мектеп жасындағы балаларды тәрбиелеуді бастау керек, дейді ол.

ЖАН АҚЖАНОВ - ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
Тек осы жылы ойынға тәуелділік бойынша 735 суицид, 30 мыңнан астам қылмыс жасалғаны ресми түрде тіркелді. Құмар ойындар салдарынан шамамен 40 пайыз ерлі-зайыптылар ажырасты. Бұл өте үлкен статистика. Сондықтан осы мәселеге жиі назар аударуымыз қажет. Біз неғұрлым көп жұмыс жасасақ, халық үшін соғұрлым жақсы болады.

Барлық қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Олардың айтуынша, мұндай тренингтер лудоманияның қауіпті ауру екенін толық білуге септігін тигізеді.

БАҚЫТГҮЛ БАҚТИЯРОВА ПЕДАГОГ
Жақсы, жақсы тың мәселелерді қарастырып бағыт бағдар беріп жатыр. Бұндай шаралар негізі мектеп іші болсын, балабақша болсын барлық жерде өткізілуі керек және жиі және отбасы да, ата-аналарымен бірге өткізу керек. Фильмдер, бейнероликтер әсіресе 1 курстарға өте көп жүргіземіз, кездесулер жүргіземіз. Мейілінше, балаларға ақпаратты көбірек, тіпті сабақтарда да 5-10 минут әрбір мұғалім күнде бір айтып қойса, бұл баланың есінде жүреді.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында құмар ойындарымен күресу үшін тәрбие және түсіндіру шараларына ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті. Білім беру бағдарламаларын әзірлеу, білім беру мекемелеріндегі іс - шаралар, құмар ойындарды реттейтін Заңдарды енгізу сияқты шаралар лудоманияны алдын алудың негізгі міндеті.


АСЛАН ЕРТІСБАЕВ