Ақсуат ауданында ұлттық спорт түрлерінен ашық турнир өтті. «Бес табан - бес асық» ойыны бойынша өткен жарысқа Семей қаласы мен Аягөз ауданынан, сондай-ақ Ақсуаттың жеті ауылдық округінен спортшылар жиналды. Доданың мақсаты - ата-бабамыздан мирас болған асық ойынын жаңғыртып, жастардың қызығушылығын арттыру. Турнир Ата Заңның 30 жылдығына арналды.

АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА, ТІЛШІ

Турнирге Семей мен Аягөз қалаларынан, сондай-ақ ауданның бірнеше ауылынан жасақталған 10 команда қатысуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай додалар жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне және ұлттық спортты ұлықтауға мүмкіндік береді.

БОЛАТ ОРАЗҒАЛИ- ЕРКІН КҮРЕСТЕН КСРО СПОРТ ШЕБЕРІ
Соңғы жылдары аудандық спорт бөлімінің жанынан бұқаралық спортты дамытуға арналған мекемелер құрылып, ұлттық ойындарға да көңіл бөле бастады. Соның бір айғағы – бүгінгі асық атудан өтіп жатқан Абай облысының ашық чемпионаты. Бұл алдағы уақытта ауқымы кең, үлкен жарысқа айналады деп ойлаймын.

Турнирге жиналған спортшылар асық атудың қыр-сырымен сынға түсті. Әрбір команда ұлттық ойынға деген ықыласы мен дайындығын көрсетті. Солардың бірі – Аягөз ауданынан келген Айбек Тілеуберген.

АЙБЕК ТІЛЕУБЕРГЕН- ҚАТЫСУШЫ (АЯГӨЗ АУДАНЫ)
Ойын өте тартысты өтуде. Бір ойынды өткізіп үлгердік, қарсыласымыз жақсы дайындалған, мықты. Жалпы қарсыластардың бәрі де осал емес. Асық ойыны жылдамдықты да, дәлдікті де талап етеді. Біз бала кезден осы ойынды ойнап өстік. Аягөз ауданында үш жігіт бірігіп команда құрдық. Бұған дейін облыстық чемпионатта әкім кубогын жеңіп алған едік.

Абай облысы асық ату федерациясының президенті Қайыржан Жомарттың сөзінше, аудандарда ұлттық спорттың дамуына басымдық беріледі. Федерация қыркүйек айынан бастап аудандарды аралап, асық ойынын жүйелі түрде жолға қоюды жоспарлауда.

ҚАЙЫРЖАН ЖОМАРТ- АБАЙ ОБЛЫСЫ АСЫҚ АТУ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Біз жұмысты алдымен оқушылардан бастамақпыз. Мектепішілік біріншіліктер өткізіп, балалардың қызығушылығын арттыру маңызды. Кейін бұл бастама саты-сатымен ересектерге де жалғасады. Қыркүйектен бастап федерация мүшелерімен бірге аудандарды аралап, білім және спорт бөлімдерімен кездесіп, асық ойынын дамытуға арналған жоспарларымызбен бөліспекпіз. Өйткені кей аудандарда әлі күнге дейін асық спорты жолға қойылмаған.

Асық ату — қазақтың ұлттық мұрасы ғана емес, бүгінде көпшілікті біріктіретін спорт түріне айналып келеді. Турнир жеңімпаздары арнайы медальдармен және дипломдармен марапатталды.


АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА