Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті «Жақсылық жаса – донор бол!» бастамасымен қан қорын толықтыруға үлес қосты.Мемлекеттік қызметшілер арасында еріктілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастама биыл екінші рет өткізілуде.
Басты мақсат – адам өмірін сақтап қалуға үлес қосу, донорлықты насихаттау және қоғамда мейірім мен жанашырлық құндылықтарын дәріптеу. Қан тапсырған мемлекеттік қызметшілер бұл істің жауапкершілігін терең сезінетіндерін айтады.
РУСЛАН ШАРИПОВ- ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ АБАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Абай облысында мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен «Жақысылық жаса- донор бол!» акциясы өтіп жатыр. Шараны Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті жанындағы «Еріктілер кеңесі» ұйымдастырған. Басты мақсат – қан тапсыру арқылы мұқтаж жандарға көмектесу және мемлекеттік қызметшілер арасында еріктілікті дамыту.
Донор болу – әр азаматтың қолынан келетін игі іс. Тек бір рет қан тапсыру арқылы бірнеше адамның өмірін құтқаруға болады. Сондықтан, бұл қадамның әлеуметтік әрі адамгершілік тұрғыдағы маңызы зор. Осыны түсінген мемлекеттік қызметшілер шараға тек облыс орталығынан ғана емес, аудандардан да белсене қатысты.
БАУЫРЖАН ДҮЙСЕНБАЕВ, КУРЧАТОВ ҚАЛАСЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Біз бұл акцияны қолдау үшін Курчатов қаласынан келдік. Арамызда бөлім басшылары да, мемлекеттік қызметшілер де бар. Өзім бұған дейін де Семей қаласында тұрақты түрде донор болып жүргенмін. Бүгін де арнайы осы шараға қатысып отырмыз.
Департаменттің бас маманы Дулат Хусаинов 2020 жылдан бастап жыл сайын қан тапсыруды әдетке айналдырған. Бүгін де алғашқылардың бірі болып қан тапсырды.
ДУЛАТ ХУСАИНОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ АБАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ
Көп жағдайда апатқа ұшыраған науқастарға қан жетпей жатады. Осындай акциялар қан қорын толықтыруға мүмкіндік береді. Донорлықпен мен 2020 жылдан бері, пандемиядан бастап айналысып келемін. Биыл екінші рет қатысып отырмын. Барша қазақстандықтарды, әсіресе семейліктерді игі іске атсалысып, қан тапсыруға шақырамын. Шараға қолдау білдірген әріптестеріме алғыс айтамын.
Таңертеңнен бастап мемлекеттік қызметшілер қан тапсыруға кезекке тұрды. Қайырымдылық шарасы ертең де жалғасады. Департамент өкілдері облыс тұрғындарын да, мемлекеттік қызметшілерді де осындай ізгі іске атсалысуға шақырады.
АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА