Қытайдың Тарбағатай округының делегациясы ресми сапармен Семейге келді. Облыс әкімі Берік Уәли Қытай Халық Республикасының Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесінің Тарбағатай округы партия комитетінің хатшысы, Тачэн қаласының мэрі Чжи Сяньвэй бастаған делегацияны қабылдады.

Кездесу барысында Тарбағатай округі мен Абай облысы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, экономикалық және мәдени байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды. Аймақ басшысы өз сөзінде екі елдің көшбасшыларының стратегиялық шешімдері Қазақ - Қытай ынтымақтастығына берік негіз қалап бергенін атап өтті.

БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Біз әрдайым Президентіміздің осы «Қытай Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі болды және солай болып қала береді. Біздің ынтымақтастығымыз – шынайы достық, тату көршілік және өзара қолдаудың үлгісі» деген сөзін әрдайым басшылыққа аламыз. Сондықтан өз деңгейімізде, өңірлеріміз арасындағы, Абай облысы мен Тачэн арасындағы осы байланысты, осы сөздердің нақты жүзеге асуына үлес қосады деп сенеміз.

Берік Уәли кездесу Мемлекет басшысының Қытайдағы сапарымен тұспа тұс келгенін символдық мәні бар екенін атап өтті. Жалпы, Абай облысының экономикасында Қытай аймақтарымен өзара іс-қимылдың үлесі зор. Мәселен, биылғы 7 айының қорытындысы бойынша облыстың тауар айналымы 1,2 млрд. АҚШ долларын құрап, жалпы сыртқы сауданың 85 пайызынан асты.

БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Біздің ортақ мүддемізге қатысты маңызды жобалардың бірі – «Аягөз - Тачэн» бағытындағы теміржол желісінің құрылысы. Кеше ғана Бейжің қаласында «Қазақстан темір жолы» ҰК» Басқарма төрағасы мен «Чайна Коммюникэйшнс Констракшн» компаниясының президенті кездесті. Сол кездесуде бұл жоба жан-жақты талқыланып, оның іске асырылу барысы бойынша нақты міндеттемелер қабылданды.

Қытайлық тарап «Аягөз-Тачэн» темір жол желісі мен Бақты кеден бекетінің өткізу пунктінің құрылысын жандандыруға, Алакөлде туризмді дамытуға, екі өңір арасындағы сауда-саттықты жолға қоюға қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

КАН ХЕ ПИН, ҚЫТАЙЛЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ ӨКІЛІ
Аударма: Тарбағатай округы партия комитетінің хатшысы Чжи Сяньвэй мырза Абай облысы мен Шәуешек арасындағы достықтың терең әрі жан-жақты дамытуға мүдделі. Бұл ретте қос тарап та белсенді іс-қимылда әрекет етуде. Болашақта Қазақ – Қытай қарым – қатынасын жаңа деңгейге көтеруде бірлесе жұмыс атқаратынымызға сенімдімін.

Айта кету керек, мамыр айында облыс делегациясы Алтай қаласында өткен халықаралық «Үлкен Алтай» субөңірлік ынтымақтастық конференциясына қатысты. Онда 20-дан астам іскерлік кездесу өткізіліп, құны 1,5 млрд. АҚШ долларын құрайтын 15 меморандумға қол қойылды. Бұл құжаттар логистика, туризм, энергетика және өңдеуші өнеркәсіп сияқты басым салаларды қамтиды.


ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ