15 қыркүйекке дейін өңірдегі әлеуметтік нысандар жылу беру маусымына дайындығын қамтамасыз етуі тиіс. Бұл туралы облыстық әкімдіктің кеңейтілген отырысында Берік Уәли мәлім етті. Аймақ басшысы барлық мекемелерге көмірдің 100 пайыз жеткізілуін тапсырды. Жылу маусымында аудан, қала әкімдіктерінде тәулік бойы Call-орталықтар жұмыс істейді. 3 қала мен 5 ауданда 11 млрд. 800 млн. теңгеге 23 жылу көзі мен 24 шақырым жылу желілерін жаңғырту және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүруде. Өңірдің қысқа дайындығын Ерзат Жанатұлы жан-жақты тарқатсын.

 «Қыс қыр астында», деді облыстың әкімі. Сондықтан, қазір қол қусырып қарап отыратын кез емес, ширақ қимылдайтын шақ. Оның үстіне синоптиктер де биыл қыс ерте түседі деп болжауда. Семей қаласының қысқа әзірлігі 86 пайыз. Шаһардың жылуға дайындығына 2 млрд. 369 млн. теңге бөлінген. Ол қаражатқа 12 жылу нысанын жөндеу мен 1 шақырым жылу желісін ауыстыру жоспарланған. Жиында Семейдегі әрбір жылу орталығының жайы айтылды.

РАДЖАН СЕЙІТҚАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
№1 ЖЭО жөндеу үшін 1 млрд. 139 млн. теңге қаражат қарастырылып отыр. Мердігер ұйымдар - «АзияКотлоМаш» пен «ВостокМонтажИнжинринг» ЖШС болып табылады. Жалпы, ТЭЦ 1-дің дайындық көрсеткіші 94% құрап отыр. Жылу көзінде 5 қазандық орналасқан. Оның ішінде 3 бу қазандығы 100 пайыз қазіргі таңда дайын. 2 су жылыту қазандығының бір қазандығы 100 пайыз дайын, екінші қазандығы қазіргі таңда 80 пайызға дайын.

Айта кетейік, республикалық бюджет пен Ұлттық қордан Семейдің жылу желілерін жаңғырту бойынша 6 жобаға 3 млрд. 806 млн. теңге бөлінді. Биыл 4 жоба аяқталды. Қалған екеуі келесі жылдың еншісінде. Бұл жобалар толық аяқталғанда облыстың жылу желілерінің тозуы 59,4 пайыздан 56,6 пайызға, Семейде 61,5 пайыздан 58,1 пайызға азаяды. Ал Аягөздегі «Орталық» жылу қазандығы да күрделі жөндеуден өтуде.

ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 «Орталық» қазандығындағы күрделі жөндеу жұмыстары үшін 1 млрд. 434 млн. теңге бөлінді. Мердігер ұйым «МИТ Теплосервис». Бөлінген қаражат есебінен «Орталық» жылу көзінде қуаты 30 Гкал болатын 3 қазандықты орнату көзделген. Ол дегеніміз келесі жылы қосымша 400-ге жуық абонентті, жаңадан абоненттер қосылатын болады.

Облыста 330 автономды қазандық бар. Өңірдің көмірге қажеттілігі 1 млн. 247 мың тонна. Көмір бағасы теміржол тұйықтарында және қоймаларда тоннасына 14 мыңнан 23 мыңға дейін. «Қаражыраның» өз басында тоннасы 11 мың. Алайда баға өзгеруі бек мүмкін.

РАДЖАН СЕЙІТҚАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Үш рет өзгерді. Үш рет баға қосылды осы тасымалдауға. Сол себепті қазіргі таңда, мына алдымыздағы айларда тағыда көмірдің өсуі жоспарланып отыр. Сол себепті, халықпен түсініктеме жұмыстарын жүргізіп, қазіргі таңда қамтамасыз етуіміз керек.

Облыс әкімі алдағы жылу маусымына дайындықты күшейтуге қатысты нақты тапсырмалар берді. Қала, аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына әсіресе, әлеуметтік нысандардағы, тұрғын үйлердегі жылу жайын қатаң бақылауды ұстауды мықтап тапсырды.

БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

2025 жылғы 15 қыркүйекке дейін бюджеттік ұйымдар үшін көмір 100 пайызға дейін жеткізілу керек жоспарға сәйкес. Жоспарланған бойынша. Тұрғындарға ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін 100 пайыз көмір жеткізу қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. 15 қыркүйекке дейін, кондоминиум объектілерін басқару органдарымен тұрғын үй қорын алдағы жылыту маусымына кешенді дайындау мәселесін пысықтасын, жылу желілерінің гидравликалық режимін реттеу және үй – ішілік жүйелерді реттеу бойынша іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын.

Бұдан бөлек, облыс әкімі тұрғындардың жылуға берешегін өтеуге түсіндіру жұмыстарын қолға алуды, жылу маусымы кезінде аудан, қала әкімдіктерінде 24/7 форматында Call-орталықтар ашуды жүктеді.


ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ