Бүгін Ертістің қос жағалауында орналасқан «Семей» және «Ертіс» телеарналарының 60 жылдығына орай арнайы «Телекөпір» ұйымдастырылды. Мерекелік эфирдің құрметті қонақтары – арнаның алғашқы іргетасын қалаған, тарихын бірге жазған ардагерлер болды. «Семей» телеарнасының еңбек ардагерлері өз естеліктерімен бөлісіп, арнаның бүгінгі ұжымына жүрекжарды тілектерін жеткізді.

Алпыс жыл – аз уақыт емес. Осы кезеңде «Семей» телеарнасы сан мыңдаған кәсіби мамандарды тәрбиелеп, отандық телевизияның дамуына үлкен үлес қосты. Ардагерлердің бірқатары әлі күнге дейін ел игілігі үшін еңбек етіп келеді. Солардың бірі – Мұратқазы Әлин. Қазір ол Абай облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы. Бүгінде өткен күндерді сағынышпен, мақтанышпен еске алады.

МҰРАТҚАЗЫ ӘЛИН- «SEMEI» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ
 «Семей» телеарнасы мен үшін үлкен мектеп дегім келеді. Өйткені, «Семей» телеарнасы Қазақстандағы ең алғашқы телеарналардың бірі болып саналады. Осыдан 60 жыл бұрын, 1 қыркүйекте алғашқы ресми хабарын таратқан болса, сол кездері мен педагогикалық университеттің студенті болатынмын, екінші курс оқитын едім. Сол сәттен бастап телеарнаға араластым десем де болады. 6 жыл бойы телеарна төрағасы болып істедім, ұжым өзінің ұйымшылдығын, қалыптасқанын көрсетті. Соның арқасында бүгінге дейін журналистикадан қол үзбей, шамамыз жеткенше кейінгі ұрпаққа көргенімізді, білгенімізді жеткізіп келеміз.

 «Телеарна – халық үшін қызмет ететін сала. Көрермен – әрі сыншы, әрі қолдаушы күш» дейді диктор Зүлфия Омарова. Ол арнамыздың «алтын дауысы». Көгілдір экранға 30 жылын арнаған ол талай көрерменнің жүрегінде әрі жадында.

ЗУЛЬФИЯ ОМАРОВА- «SEMEI» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ
Осы телеарнаның арқасында көрермен қауымның көзайымы болдым. Мен сондықтан да өзімнің мыңдаған көрермендеріме қарыздармын, борышым көп. Әрқашан да басымды игім келеді. Себебі, көрермен болмаса сен бұл жерде 30 жылдан артық еңбек ете алмаған болар едің. Сол көрерменнің арқасы ғой. Мерекелеріңіз құтты болсын, қымбатты көрермендер.

Бүгінгі таңда «Семей» телеарнасы көрерменін түрлі әлеуметтік, мәдени, танымдық және көңіл көтерерлік бағдарламаларымен қуантып келеді. Арнаның жаңалықтары – жеделдігімен әрі сенімділігімен ерекшеленеді. Мұның бәрі – 60 жылдық қажырлы еңбектің жемісі. Бұл дәстүр алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.


 АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА