Дәуір данасы. Өз дәуірінің дарасы, әйгілі халық емшісі, әулие һәм көріпкел Ырғызбай Досханаұлы осы ұғымға саяды. Ұлтқа ұстын болған, ел рухани пір тұтатын қасиетті тұлға Ырғызбай атаның есімі біздің өңірде ерекше құрметпен аталады. Бірегей тұлғаны жан-жақты тани түсу мақсатында «Әулие Ырғызбай Досханаұлының мұрасы: тарих, руханият және ғылыми зерттеулер» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткен. Басқосуды «Ырғызбай» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Ел аузындағы, халық жадындағы әңгіме. Көріпкел қайтыс боларының алдында осы жерге жерлеуді өсиеттепті. Емшінің мәңгілік мекені - Тарбағатайдың теріскейі, Күмісті жайлауындағы құйқалы мына құба бел. Тұлғаны терең тануда түрлі танымдық жиын жиі ұйымдастырылады. Бұл жолғы ғылыми конференцияның жөні бөлек.

БӘДЕЛХАН КАМАЛХАНҰЛЫ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ
Мұның мақсаты жалпы, Ырғызбай бабамыздың тағылымы, Ырғызбай бабамыздың тарихы, Ырғызбай бабамыздың өскелең ұрпаққа берер тәлімі десек болады.

Сол құба бел қазір қасиетті мекенге айналған. Баба басына тәу етіп келушілер көп. Баянауылдың қызыл тасынан өрілген кесене менмұндалайды. Мұнда мазар ғана емес, тұтас кешен орналасқан. Мешіт пен кітапхана, «Аманат» мұражайы бар. Жиырма жылдан асты 25 тамызда баба рухына ас беріледі. Бұл бұлжымас қағида. Енді Ырғызбай Досханаұлының емшілік қыры, өмірінің өзгеше тұстары ғылыми тұрғыдан зерделене бастады.

БӘДЕЛХАН КАМАЛХАНҰЛЫ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ
Қатарынан үшінші жыл мұнда ғылыми – практикалық конференция қылып, басы басталады, өтеді. Мұнда жаңағы атақты ғалымдар, Ырғызбай бабаны зерттегендер, Ырғызбай бабаның ілімін зерттегендер, білімін зерттегендер осында келіп, өздерінің ойларын паш етіп, дайындалып келіп айтып жатады.

Дала дәрігері емдеп жазған, ауруынан құлан – таза сауықтырған тарихи тұлғалардың бірі – Құнанбай. Емшінің Құнанбайды қатерлі дерттен жазып алғаны жайында ел жадында жылы лебіз сақталған, тылсымға толы әңгіме өрбіген.

НҰРБЕК МАРАТОВ, КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСУШЫ
Тарихи және мынау руханиятқа сіңірген еңбегін ол кісіні көрсету. Жалпы, ашылмаған қырларын ашу болады. Адольф Янушкеевич деген поляк ғалымының 1833 жылы мынау Тарбағатай, Семей өңіріне келгендегі жаңағы жазбасы бар. Онда ол Ырғызбай Досханаұлының Құнанбай Өскенбайұлын шешек ауруынан жазғанын, жазып шыққанын, емдегенін жазады.

Ел сөзіне сүйенсек, адамдар әулиенің басына 1903 жылдан бастап келе бастаған. Ал 1920 жылдары көріпкел Шыныбай есімді ақсақалдың түсіне кіреді. Түсінде «зиратымды көтер», деген. Қара сиырдың күшімен тас тасып, әулиенің басын қалқайтыпты. Сол Шыныбайдың ұрпақтары әлі де игілікті істің басы – қасында жүр.

ҚАЙЫРБЕК КӨКЕНҰЛЫ, «ЫРҒЫЗБАЙ» ҚОРЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Сол біздің атамыздың осындай біздің әкемізге, аталарымызға берген аянына үлкен құрмет тұтамыз. Сол уақыттан бастап, әулетімізбен осы атамыздың басында өзіміздің қолымыздан келген еңбекті етіп келе жатырмыз. Жаңағы сол Шыныбай тастан, ішінен зират салғаннан кейін Ырғызбай атаның екінші әулиелік ғұмыры, екінші ғұмыры басталады. Өйткені, кісілер келіп, ішіне түнейді зираттың. Далада жатпайды ғой, енді. Түс көреді, ем алады. Ата өзінің қасиетін сол дарытады.

«Жер – әңгімеші, жер әңгімеші болған соң ел әңгімеші». Халық емшісі жайында ел ішіндегі әпсана міне, осындай. Ал, мұндай ғылыми басқосулар ел жадында жүрген аңыз-әңгімелерді дерек пен дәйекке бір табан жақындата түсетіні хақ.


ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ