Осыдан 30 жыл бұрын Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданып, еліміздің құқықтық мемлекет ретінде дамуына берік негіз қаланған еді. Айтулы күнге орай, Ертіс жағалауында «Ата Заңым – айбыным» атты мерекелік концерт өтті.
Мерекелік шара ел тарихынан сыр шертетін әсерлі қойылыммен басталды. Көрермен тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңін сахнадан тамашалап, Конституция мен Тәуелсіздіктің мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте ұғынды.
НҰРЛАН ТУТУНОВ- ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ САРАЙЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Біз бұл жолы жай ғана концерт емес, қала тұрғындары үшін үлкен мерекелік шара өткізуді жөн көрдік. Ертіс жағасына үлкен сахна орнатып, халықтың нағыз мерекенің лебін сезінуін қаладық. Конституцияның 30 жылдығын баршаға жеткізу маңызды. Барлық жерлестерімізді құттықтаймын, елімізге өркендеу мен бақ-береке тілеймін.
Ашық аспан астында өткен концертке семейліктер мен қала қонақтары жиналды. «Ата Заңым – айбыным» кеші тек мәдени шара ғана емес, ел бірлігіне, оның тарихына, Конституцияға деген құрметтің айқын көрінісіне айналды. Жиналған жұртшылықтың ыстық ықыласы концерттің ерекше рухта өткенін көрсетті.
ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ:
Өте тамаша ұйымдастырылға, бүгінгі концерт өте тамаша өтіп жатыр. Конституция күнімен Семей қаласының тұрғындарын құттықтаймын. Елімізде бейбітшілік болсын, әр отбасыға бақыт береке тілеймін.
Бүгін еліміздің басты құжаты – Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Бұл – мемлекетіміз үшін айтулы белес. Осындай бейбіт елде, әрі тату халықтың қатарында өмір сүріп жатқанымызды мақтан тұтамыз. Отанымыздың болашағы жарқын болып, әрдайым гүлдене берсін дейміз.
Сахнада қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әндерін шырқап, түрлі өнер ұжымдары мен жас таланттар да өз өнерін ортаға салды. Осылайша, мерейтойлық мереке әсем ән мен думанды биге ұласып, ел тарихына деген мақтаныш сезімін күшейтті.
АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА