Семей қаласының Водный кентінде жаңа оқу жылы қарсаңында 600 орындық жаңа мектеп есігін айқара ашты. Кең әрі жарық білім ордасы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Енді оқушылар заманауи, қауіпсіз әрі жайлы жағдайда білім алып, ұстаздар қауымы жас ұрпақтың қабілетін жаңа деңгейде дамытуға мүмкіндік алады.
Білім ордасының салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, білім басқармасының өкілдері, мұғалімдер, ата-аналар мен оқушылар қатысты. Водный кентінде жаңа мектептің ашылуы тұрғындар үшін үлкен қуаныш болды.
БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бүгінгі басқосуымыздың мәні ерекше болып отыр. Олай дейтініміз, жаңа оқу жылының алғашқы күні осындай қуанышты жаңалық - жаңа мектептің ашылуымен жаңа оқу жылын бастағалы отырмыз. Бүгін біз білім ошағының ашылуын ғана емес, сондай-ақ үміт пен сенімнің болашаққа деген нық қадамына куә болып отырмыз деуге болады. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» жобасы аясынада көптеген жаңа, еліміз бойынша мектептер салынып жатыр. Жаңа мектептеріңіз құтты болсын!
Үш қабатты мектеп ғимараты заманауи стандарттарға сай салынған. Мұнда 28 оқу кабинеті, ағаш және металл өңдеу, аспаздық пен тігін ісіне арналған шеберханалар бар. Сондай-ақ, физика, химия, биология, робототехника және графика кабинеттері жабдықталған. Инклюзивті білім беруге де ерекше көңіл бөлінген.
ТІЛЕК САПЫШЕВ, №52 ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Балаларға, қажеттіліктеріне кабинет арналған. Онда логопед, дефектолог және басқа да мамандар жұмыс жасайды. Тағы бір ерекшелігі - бұл жерде барлық мектептің территориясы 98 камерамен қамтылған. Турникет, полицияға дабыл басу, басқа да көптеген шаралар қамтылған. Осы мектеп, Водный кентіндегі оқушылардың барлығын қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі таңда 539 оқушы мектепке қабылданды.
Бұл мектепті Водный кентінің тұрғындарының күткеніне біраз жыл болды. Ал ұстаздардың айтуынша, жаңа білім ордасы - жайлы жағдай ғана емес, сонымен қатар, мұғалімдер мен оқушылардың өз мүмкіндігін толық жүзеге асыруына жол ашады.
ГҮЛЖАН САҒЫМҒАЛИ, БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМІ
Осындай біздің мектебіміздің ашылып жатқанына біз өте қуаныштымыз. Біздің мектеп 40-жылдан бері осы Водный кенті асыға күткен. Бүкіл мұғалімдер күткен, ата-ана күткен, шәкірттер күткен керемет ғимаратты бізге сыйлап жатыр. Іші де, сырты да барлық жабдықтармен қамтамасыз еткен. Болашақта біз ұрпақтарымызға, шәкірттерімізге, Қазақстан мемлекетінің мықты тұлғаларын қалыптастыруға мүмкіндік жасалған.
Ата-аналар да қуаныштарын жасырмайды. Олар үшін жаңа мектеп — үйге жақын әрі қолайлы ғана емес, сонымен бірге, балалардың қауіпсіз ортада білім алатынына деген сенім.
ӘЙГЕРІМ БАУЫРЖАНОВА, АТА – АНА
Осы мектебіміздің ашылуын көптен күттік. Бізге өте ыңғайлы, өйткені үйге жақын. Оғанға дейін алыстағы мектепке автобуспен апарып жүретінбіз. Қазір жақсы, үйдің жанында, 2-3 минуттық жерде. Баламыздың қадамы құтты болсын, мектебіміз көркейе берсін. Балалар тек жақсы жағынан мектебімізді таныта берсін.
Оқушылар үшін де бұл мектепте оқу үлкен мақтаныш. Кең кабинеттер, үйірмелер мен заманауи жабдықтар олардың жаңа белестерді бағындыруына мүмкіндік береді.
АЯЖАН ЖАҚСЫКЕЛДІ, 10 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ
Маған барлығы өте ұнады, ішінде әр-түрлі үйірмелер бар және көптеген құрал жабдықтар бар. Оқуға өте ыңғайлы. Осыған дейін, 34 ЖООБМ оқыдым. Салыстырмалы түрде бұл мектеп өте үлкен деп айта аламын және барлығы қарастырылған.
ДІЛДӘ АМАНҒАЛИ, 11 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ
Мен осы 52 мектептің 11-сынып оқушысымын. Осы 11-сыныпты 52 мектепте бастайын деп отырмын және осы келешек мектепте өзім алғашқы түлек болып бітіргеніме қуаныштымын. Мында барлығы жабдықталған. Барлығы оқушылардың ыңғайлығы үшін жасалған және осы келешек мектепті біздің қаламызда салып жатқанына өте қатты қуаныштымын.
Қырық жыл күткен қуаныш міне, осындай. Алдағы жылдары Абай облысында осындай бірнеше мектеп салу жоспарлануда. Мақсат - әр баланың заманауи ортада білім алуына жағдай жасау.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ