Өз банктік картаңыздың не электронды әмияныңыздың деректерін бөгде адамдарға беру сақтық қана емес, заң бойынша қылмыс болып саналады. Қазақстанның Қылмыстық кодексіне сәйкес, мұндай әрекетке барғандар алаяқтық схемалардың сыбайласы ретінде қарастырылады. Бұл туралы құқық қорғау органдарының өкілдері өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың басты тетігі – дропперлер. Қылмыстық кодекстің 232-бабына сәйкес, дроппер – өз есепшотын, картасын, электронды әмиянын немесе жеке деректерін қылмыстық мақсатта пайдалануға беретін адам. Көбіне мұндай деректер заңсыз жолмен табылған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін қолданылады. Яғни, мұндай қадамға барған азаматтар өздері байқамай-ақ қылмысқа қатысушыларға айналады.

ЕРНАЗ ТҰРЛЫБЕКОВ, АБАЙ ОБЛЫСЫ ПД КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ
Дропперлер интернет алаяқтықтың басты тетіктерінің бірі саналады. Олардың әрекетіне мыналар жатады: өз атына банк картасы мен шот ашу, деректерін қылмыскерлерге беру, жәбірленушілерден түскен қаражатты қолма-қол айналдыру және қылмыстық схеманың ұйымдастырушыларын жасыру.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, дропперлердің басым бөлігі – тез табыс табамын деп алданған жастар мен әлеуметтік осал топ өкілдері. Олар үшін «жай ғана картаңды бересің де, ақша табасың» деген ұсыныстар тартымды көрінеді. Алайда заң бойынша жауапкершілік – қандай жағдай болмасын міндетті. Адам сыйақы алмаса да, тіпті жақынының өтінішімен әрекет етсе де, қылмысқа қатысы бар деп есептеледі.

ЕРНАЗ ТҰРЛЫБЕКОВ, АБАЙ ОБЛЫСЫ ПД КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ
Егер азамат өз картасы мен шотын басқаға берсе – 3 жылға дейін, алаяқтар үшін ақша аударса – 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал қылмыстық схеманы ұйымдастырғандар 7 жылға дейін сотталуы мүмкін. Бұған қоса 12 миллион теңгеге дейін айыппұл, мүлкін тәркілеу, қамауға алу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту шаралары қолданылады.

Мемлекет басшысы атап өткендей, «Заң және тәртіп» қағидаты – қоғам қауіпсіздігінің негізі әрі қылмысқа қарсы күрестің басты шарты. Сондықтан, құқық қорғау органдары түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, халықты сақ болуға шақырып отыр. Әр азамат есте сақтауы тиіс: өз картаңызды, есепшотыңызды немесе жеке деректеріңізді бөтен адамға беру – қылмыстық әрекетке қатысумен тең.


АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА