Семейде полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Қаладағы қауіпсіздік пен тазалықтың сақталуын тәулік бойы Жедел басқару орталығының инспекторлары бақылауда. Қоғамдық орында тәртіп бұзушылардың қалай анықталатынын Бақытгүл Қазез біліп қайтты.

БАҚЫТГҮЛ ҚАЗЕЗ – ТІЛШІ
Бұл Абай облысы ПД-нің Жедел басқару орталығы. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері бейнебақылау камералары арқылы қоғамдық орындарды ластаудың 2 мыңнан астам дерегін тіркеді.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында қоғамдық орындардың тазалығына ерекше көңіл бөлінуде. Бейнебақылау жүйесінің көмегімен көше, аула және саябақтарды ластап, абаттандыру ережелерін бұзған азаматтар анықталып, жауапкершілікке тартылуда. Биылдың өзінде 2 362 дерек тіркелді. Қоғамдық орындарды ластағандарға әкімшілік шара қолданылды.

ҰЛАН АҚАШ, АБАЙ ОБЛЫСЫ ПД ЖЕДЕЛ БАСҚАРУ ОРТАЛЫҒЫ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Жедел басқару орталығының қызметкерлері тәуілік бойы қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жұмыс атқарады. Соның ішінде “Таза Қазақстан” акциясы аясында қоғамдық орындарды ластаған азаматтар анықталып, жауапкершілікке тартылуда.

Семейде қоқыс тастап, абаттандыру ережесін бұзғаны үшін айыппұлдың мөлшері 20-дан 100 айлық есептік көрсеткішке дейін жетуі мүмкін. Бұл құқықбұзушының мәртебесіне байланысты, яғни қарапайым азамат, лауазымды немесе заңды тұлға болуына қарай. Тәртіп сақшылардың айтуынша, қаланың тазалығы өзімізге байланысты. Тазалықты сақтау заң талабы ғана емес, әрбір азаматтың міндеті.


БАҚЫТГҮЛ ҚАЗЕЗ