Жаңа Ата Заң жобасының 3-ші бап, 2-ші тармағында білім, ғылым және инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде белгіленіп отыр. Бұл – білім беру жүйесіне деген сенімнің және академиялық қауымдастықтың рөлінің артқанын көрсетеді. Бүгін SEMEI телеарнасының ұжымымен және өңірдегі журналистермен кездесуде Парламент Мәжілісінің депутаты, Жалпыұлттық коалиция мүшесі Нұргүл Тау осылай деді. Оның айтуынша, бүгінгі заманда білім, ғылым және инновацияны бірінші орынға қойған ел ғана қарыштап дами алады. Нұргүл Тау жаңа жобаның 37-ші бабындағы табиғатты қорғау тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғам мен әрбір азаматтың ортақ міндеті ретінде айқындалып отырғанын жеткізді. Табиғи байлыққа ұқыпты қарау - құқықтық жауапкершілікпен бекітілген нормаға айналатынын айтты. 73-ші баптағы азаматтың Конституциялық сотқа тікелей жүгіну құқығын туралы да Нұргүл Тау жан – жақты түсіндіріп, «бұл заң үстемдігі қағидасын нақты іске қосатын тетік», деді. Кездесуде қалам ұстаған қауым өкілдері көкейде жүрген сауалдарын қойып, қызу пікірталас өрбіді.