Жаңа Ата Заң жобасында адамның еңбек құқығы нақты айқындалып және заңмен қорғалмақ. Бұл тиісінше жұмысшылардың әлеуметтік кепілдіктерін күшейтеді. Әрі еңбек қатынастарындағы жауапкершілік пен тұрақтылықты арттыруға негіз болады. Парламент Мәжілісінің депутаты, Жалпыұлттық коалиция мүшесі Нұргүл Тау «Жылукоммунэнерго» мекемесінің жұмысшыларымен кездесуде осылай деді. Нұргүл Тау жаңа жобадағы бірқатар елеулі өзгерістерге де тоқталды. Нақтырақ айтқанда, жаңа Конституция жобасының 30-бабында неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекеттің айрықша қорғауында екені бекітіліп отыр. «Бұл ретте, неке ұғымының ер мен әйелдің ерікті әрі тең одағы ретінде нақты бекітілуі – дәстүрлі құндылықтарды қорғаудың құқықтық негізі болмақ», деді Жалпыұлттық коалиция мүшесі. Бұдан бөлек, 21-бапқа сәйкес, жеке деректерді, хат алмасуды және электрондық коммуникацияны қорғау кепілдігі бекітілгенін де егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті. Расында, цифрлық құқық енді жеке өмірге қол сұқпаудың бір бөлігі ретінде қарастырылады.