Сондай-ақ, облыс әкімі Берік Уәли қаланы аралау барысында Мәңгілік ел көшесінде ашылған полиция бекетінің жұмысымен танысты. Айта кетейік, облыс орталығында осындай үш стационарлық полиция бекеті ашылып отыр. Бұдан өзге аймақтың басшысы «УК ЮНИС» тігін фабрикасында, «Дизайн Мебель» кәсіпорнында болды. Ретімен Ерзат Жанатұлы тарқатсын.
Қазіргі уақытта облыс орталығында осындай 5 стационарлық бекет бар. Бекет қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған. Ішінде жылу, кәріз жүйесі, автономды сумен жабдықтау қарастырылған. Қызметкерлердің жайлы жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалған. Аймақ басшысы мұндай бекеттердің қоғамдық тәртіпті күшейтуде маңызы зор, дейді.
ЕРНАР БАЗАРОВ, АБАЙ ОБЛЫСЫ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бүгінгі таңда өзі екеу бар болатын. Біреуі Орталық алаңда, біреуі – Әуезов алаңында. Қала тағыда міне үшеуін алды. Жаңа айтып кеткендей, Восточныйда, Абай Аренада және орталықта. Жалпы, қанша қажеттілік бар? Бұны енді адам көп шоғырланатын жерлерге деп, біз қойдық осы бесеуін. Бүгінгі таңда жетеді.
Семей қалалық әкімдігінің қолдауымен облыстық полиция департаментіне 2 квадроцикл, 1 электросамокот сатып алынды. Қоғамдық кеңістіктердегі тәртіпті қадағалауда мұндай техникалар аса қажет, дейді тәртіп сақшылары.
БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Өте қажетті дүниелер полицияға. Енді осы тиімділігі жоғары болатын болса, тағыда алуға, көбейтуге көмектесеміз. Облыстық бюджеттен. Қаланың халқы көп шоғырланған жерлеріне өте қажетті пункттер ғой.
Облыс әкімі сондай-ақ «УК ЮНИС» тігін фабрикасында болды. Кәсіпорын шұлық-тоқыма, қолғап және тігін бұйымдарын өндірумен айналысады. Жылдық өндірістік қуаты 300 000- дана өнімді құрайды. Кәсіпорын еліміздің күштік құрылымдарына және ауыр өнеркәсіп кәсіпорындарының тапсырысымен жұмыс істейді. Бұл бағытта компанияның көпжылдық тәжірибесі бар. Сонымен қатар, өнім түрлерін көбейтіп, тоқыма бұйымдарын өндіруді дамыту жоспарланып отыр. Ал «Дизайн Мебель» кәсіпорны 1998 жылдан бері корпусты және жұмсақ жиһаз өндірісімен айналысып келеді. Кәсіпорынның өнімдерін облыстың білім беру ұйымдары, мемлекеттік мекемелер, сондай-ақ жеке тұтынушылар пайдаланады. Өндірісте Ресей мен Қытайдан жеткізілетін сапалы табиғи шикізат қолданылады. Аймақ басшысы кәсіпорынның өндірістік үдерісін, жаңа технологиялық желілерін көріп, жұмысшылармен пікірлесті.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ