Жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы орны айрықша. Осы тұста мамандығына адал, қолынан іс келетін, қажырлы еңбек етіп жүрген жанның бірі - кафель қалаушы Мадияр Ниязбекұлы. Еңбек адамының бір күндік жұмысын біздің тілшіміз де көріп қайтқан еді.
Құрылыс саласында 15 жылға жуық тәжірибесі бар Мадияр Ниязбекұлы өз ісінің шебері. Ол Семей қаласындағы әлеуметтік нысандар мен мәдениет орындарының құрылысына үлес қосып келеді. Алғашқы еңбегі №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының кафель жұмыстарынан басталған. Бүгінде ол түрлі зәулім ғимараттардың сәнін келтіруге атсалысып жүр.
МАДИЯР НИЯЗБЕКҰЛЫ, КАФЕЛЬ ҚАЛАУШЫ
Құрылыс саласында жүргеніме шамамен 15 жыл болды. Кафель қалаушы болып еңбек етемін. Жұмысым өзіме ұнайды. Күнделікті ісім осы – кафель төсеу. Таңғы сағат 8-ден бастап жұмысқа кірісемін. Бұл оңай шаруа емес. Кафельді қалағанда суреті әдемі шығу үшін әр бөлшектің бағыты біркелкі болуы керек.
Кафель қалаушы мамандығы төзімділікті, шыдамдылықты талап етеді. Әрбір жұмысында сапа мен нақтылық бірінші орында. Оның қолынан шыққан жұмыс — әдеміліктің ғана емес, ұзақ мерзімге жарамдылықтың кепілі.
МАДИЯР НИЯЗБЕКҰЛЫ, КАФЕЛЬ ҚАЛАУШЫ
Осыдан 15 жыл бұрын ағам кафель қалаумен айналысты. Сол кезде оның қасында көмекші болып жүріп, қызығушылық пайда болды. Бір жылдай ағамнан үйреніп, содан кейін өз бетіммен жұмыс істей бастадым. Жұмыста құралдың болғаны жақсы. Мысалы, мынау – шруповерт, қажет дүниенің бірі. Ал мынау – шлифовальный машина. Кейбір жерлерді 45 градусқа шығару керек болады, сонда қырларын осы құралмен тегістейміз. Ал мынау – присоска. Әсіресе еденге кафель төсегенде керек. Кафельді сонымен бассаң, өзі сорып алады да, көтеруге ыңғайлы болады.
Мадияр Ниязбекұлы үшін кафель қалаушы болу жай ғана кәсіп емес, сүйікті іс. Ол жастарға еңбекқорлықтың, мамандыққа адалдықтың үлгісін көрсетіп жүр. Биылғы жұмысшы мамандықтар жылы - осындай қарапайым еңбек адымының қоғамдағы маңызын арттыра түсті деуге болады.
АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА