Жарма технологиялық колледжі нан өндірісіне қажетті жұмысшы мамандықтарын дайындайтын бірден бір оқу орыны. Болашақ технологтардың кәсіби біліктілігін арттыру үшін, оқу орыны жанынан наубайхана ашылды. Енді студенттер «Алтын Шарда» наубайханасы арқылы нан өнімдерінің түрін ұсынатын болады.

Бұл шағын наубайхананы ашудағы мақсат мынада. Колледже білім алушылардың оқығанын тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік беру. Сосын, дуалды оқытуды дамыту, студенттерді нақты өндірістік ортада тәжірибеден өткізу және кәсіби дағдыларын жетілдіру. Мұнда студенттер қамырды илеу, нан пісіру мен дайын өнімді сату процесіне дейінгі барлық кезеңдерді меңгереді. Жұмыс кезеңдері өндірістік тәртіп пен сапа талаптарына сәйкес ұйымдастырылған.

ГҮЛЖАН ҚАЛИЕВА, АРНАЙЫ ПӘНДЕР ОҚЫТУШЫСЫ
Өндірістік тәжірибе өзіміздің шағын кәсіпорында өтетіні қуантарлық жағдай. Болашақта нан пісірудің біліктілігін оқыту жоспарланып отыр. Осы кәсіпорында нан пісіруді, пекарь біліктілігінің қыр-сырын үйреніп, өндірістік дағдыларын жетілдіреді. Нан-тоқаш өндіру шағын цехы студенттердің кәсіби тәжірибе алуына жағдай жасайды. Жұмысшы мамандыққа деген қызығушылықтарын арттырады.

Шағын цехта «LAI BAO» компаниясының жаңа электр пеші, қамыр илейтін құрылғылары орнатылған. Заманауи пеш нан мен нан-тоқаш өнімдерін пісіруге мүмкіндік береді. Қазір білім ордасында тамақтануды ұйымдастыру мамандығында 36 студент оқып жатыр. Наубайхана – білім алушылардың оқи жүріп кәсіби дамуына жақсы мүмкіндік береді.

МЕЙРАМГҮЛ ӘУКІШЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ИННОВАЦИЯЛЫҚ-ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҚТЫҢ ӘДІСКЕРІ
Бұл колледжде тамақтану мамандығы бойынша көптеген студент білім алуда. Биылғы жылы 70 бала студент атанды.Тамақтану мамандығында өте көп біліктіліктер бар. Соның бірі – наубайханашы. Наубайханашы біліктілігі бойынша 100 пайыздық дуалды оқыту жүргізіліп жатыр. Яғни, теория мен тәжірибені бірге алып жүреді. Сондықтан, бұл үлкен мүмкіндік деп есептеймін.

Колледжде қазір 171 студент білім алуда. Оқу орны 7 мамандық бойынша даярлайды. Жаңа оқу жылында студенттерге наубайхана ісімен айналысу мүмкіндігі ашылды. Бүгінгі студент - ертеңгі маман. Көре жүріп, үйрене жүріп білім алғандардың келешекте жеке кәсіп бастауға деген қызығушылығы артатыны сөзсіз.


ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ