Мемлекет басшысы Жолдауда Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Енді елімізде инвестиция тарту үшін өңіраралық бәсекелестік жаңа деңгейге көтеріледі. Елде бизнеске қолайлы жағдай жасалған аймақтарды көрсететін арнайы индекс пайда болады. Енді әкімдер тек есеп беріп қана қоймай, нақты нәтиже көрсетуі қажет.
Инвестор тарту - экономикалық өсім мен жаңа жұмыс орындарын ашумен тең. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарауы керек деді. Сосын өңірлер тиімділік бойынша бәсекелесуі қажет. Сондықтан инвестициялық тартымдылық индексі енгізіледі. Бұл индекс жергілікті әкімдік қызметін бағалаудың басты көрсеткіштерінің біріне айналады.
ҚАСЫМ - ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, осындай инвестициялар бізге қажет. Бірақ қазір тұрған міндет – басқа. Бұл – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту. Сондықтан Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарауы керек. Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады.
Бұл ретте ең алдымен жұмыс орындарын ашып, экономиканы әртараптандыруға үлес қосатын заманауи өндірістерді құруға басымдық беріледі. Абай облысында инвестициялық жобалардың тізімі жаңартылды. Бүгінде 86 жоба бар. Оның тоғызы биыл жүзеге асырылып, кейбірі ұлттық деңгейде іске қосылды. Ал, бірнеше жоба шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылуда.
АЙБЕК РАХЫМБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Мемлекет басшысы сыртқы инвестицияларды тартудың маңыздылығын атап өтті. Әсіресе, тек тау-кен металлургиясы мен шикізат жобаларымен шектелмей, өңдеуші өнеркәсіпке көп көңіл бөлу қажет. Бұл бағытта біздің индустриалды аймақты кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Оған тағы 90 гектар жер қосылып, жалпы аумағы 180 гектарды құрайтын құрылыс басталады. Сонымен қатар, Семей қаласында арнайы экономикалық аймақтың дамуы жалғасуда. Бұл өңдеуші өнеркәсіпке жаңа жобаларды тартуға мүмкіндік береді».
Қосымша ашылатын алаңдар инвесторлар үшін тартымды болады. Өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға, облыс экономикасын нығайтуға бағытталған жұмыстар қарқынды жүруде. Ал, инвестициялық тартымдылық индексін енгізу бұл жұмысты жүйелі әрі ашық етуге мүмкіндік береді.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ