Абай облысына Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Әйгерім Сәрсенбаева Семей қаласындағы отбасын қолдау орталығында болды.
Отбасын қолдау орталығы биыл мамыр айында ашылған. Мұнда түрлі сала мамандарынан құралған мобильді топ жұмыс істейді. Орталықтың басты мақсаты – қиын жағдайға тап болған отбасыларға кешенді көмек көрсету.
НАЗЫМ ШАКАЕВА- ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Отбасыны қолдау орталығының негізгі міндеті – қиын жағдайға тап болған жандарға жан-жақты көмек көрсету. Қазіргі таңда орталыққа цифрлық платформа арқылы 142 өтініш түскен. Оның ішінде 98-і мобильді топтың араласуымен анықталса, 52-сін тұрғындар өздері тікелей жолдаған. Барлық өтініш иелеріне кешенді әлеуметтік қолдау көрсетілуде.
Орталық тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға да қолдау көрсетеді. Қызмет анонимді түрде жүргізіліп, әлеуметтік, медициналық, құқықтық және психологиялық көмек ұсынылады. Ашылғаннан бері мұнда тек тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 65 өтініш тіркелген.
ӘЙГЕРІМ СӘРСЕНБАЕВА – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР ІСТЕРІ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯНЫҢ МҮШЕСІ
Енді ұсыныс ретінде барлық қызмет бір жерде көрсетілсе деген ой айтылды. Яғни қиын жағдайға тап болған отбасылар келген кезде, тұрғын үй мәселесі болсын, әлеуметтік көмек болсын — барлығы бір жерден кеңес алып, қажетті қолдау көрсетілсе. Отбасыға бірден кеңес беріліп, әрі қарай тиісті мекемелерге жолдама алу мүмкіндігі болса деген ұсыныстар болды. Бұл ұсыныстар назарға алынатын болады.
Ұлттық комиссия мүшесі орталық жұмысына оң бағасын беріп, қызмет сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстарды назарға алатынын жеткізді. Мұндай қолдау шаралары қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға сеп болмақ.
АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА