Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласында «Қытайға экспорт» форумы өтті. Халықаралық бас қосу Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда - экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин екі ел арасындағы экономикалық байланыстарға тоқталды. Абай облысы кәсіпорындары да Қытай нарығына металлургия, ауылшаруашылығы өнімдерін, минералдық шикізатты және басқа да тауарларды экспорттайды. Абай облысының әкімі Берік Уәли Қытайдың Алтай қаласында өткен «Үлкен Алтай – 2026» халықаралық субөңірлік ынтымақтастық конференциясының жемісті болғанын жеткізді. Онда қытайлық серіктестермен 6 инвестициялық меморандумға және білім беру саласындағы келісімге қол қойылған. «Қытайға экспорт» форумы - жаңа өндірістердің ашылуына, экспорт көлемінің артуына және Қазақ - Қытай арасындағы достық пен әріптестіктің одан әрі нығайтатын алаңға айналды. Қазіргі уақытта қытайлық серіктестермен бірлескен бірнеше ірі жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «СУТО Қазақстан» компаниясының қатысуымен Семей қаласында чиптер мен электрондық құрылғылар өндіретін индустриялық парк құрылуда. «Синьи ЛТД» компаниясы заманауи сауда логистикалық кешенінің құрылысын бастады. «Бақты» жеке индустриялық аймағын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. «Бақты» өткізу пунктін жаңғырту және «Аягөз – Бақты» теміржол желісін салу жобалары да екі ел арасындағы байланысты бекіте түседі.