Үрімшіде «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының инвестициялық-сервистік кеңсесі қызметін бастады. Облыс әкімі Берік Уәли жаңа орталықтың Қытай инвесторларымен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Аймақ басшысы шетелдік инвесторлармен кездесіп, бірлескен жобаларды іске асыру тетіктерін талқылады. Үрімшідегі кеңсе Абай облысына инвестиция салуға ниет еткен қытайлық кәсіпкерлерге ақпараттық қолдау көрсетеді. Инвесторлардың өтініштерін қабылдап, талдайды, жоба құжаттарын әзірлеуге жәрдемдеседі. Ал дипломатиялық, консулдық қызметтерді атқармайды. Негізгі міндеті – инвесторларға қажетті дерек ұсынып, тиімді іскерлік байланысқа жағдай жасау. Көршілес қос аймақтың алыс-берісі жақсы, Абай облысы мен Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданның арасында 250 шақырымнан астам мемлекеттік шекара бар. Биылғы жылдың алғашқы 3 айында біздің аймақ пен Қытай арасындағы тауар айналымы 952 миллион АҚШ долларына жетті.