Абай облысында биыл кәсіп ашқысы келетін азаматтарға мемлекеттік қайтарымсыз гранттар бөлінуде. Қазіргі уақытта комиссия грант иелерін анықтауға кірісті. Оның алғашқы легінде 99 азамат өз жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Екінші кезеңде тағы жүзден аса тұрғынға қолдау көрсетілмек.

Биыл Абай облысында кәсіпкерлікті дамытуға 204 қайтарымсыз грант бөлінеді. Алғашқы легінде 99 тұрғын қолдау тапса, екінші кезеңде тағы 105 грант берілмек. Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған бұл грант көлемі – 400 айлық есептік көрсеткіш. Грант алуға үміткерлердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша сертификаты болуы қажет. Өтініш қабылдау мен іріктеу толықтай электронды форматқа көшіріліп, Business.enbek.kz порталы арқылы жүргізілді.

ЕРКЕБҰЛАН ТҰРСЫН- АБАЙ ОБЛЫСЫ ЕҢБЕК МОБИЛЬДІЛІГІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Облыстың әрбір өңірінде қайтарымсыз грант бөлуге арналған комиссия отырыстары өтуде. Бүгін Семей қаласында 52 грантты табыстау бойынша комиссияның жұмысы екі күн бойы жалғасады. Жалпы көлемі 400 АЕК болатын бұл гранттар әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілуде. Нәтижесінде Семей қаласының 52 тұрғыны қайтарымсыз грант иегері атанып, өз кәсіптерін дамытуға мүмкіндік алады.

Қайтарымсыз қаржы әлеуметтік осал топтағы азаматтардың бизнес-идеяларын қолдауға бағытталған. Грант алуға мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы отбасылардың мүшелері, қандастар және аз қамтылғандар өтініш бере алады.

АҚНҰР ҚАЙРАТОВА- КОМИССИЯ МҮШЕСІ
Қатысушылардың бизнес-идеялары әртүрлі. Бірі кілт жасаумен айналысуды жоспарласа, енді бірі жартылай фабрикаттар шығаруды көздейді. Біреулер фаст-фуд өндірісін ашқысы келсе, тағы біреулер кондитерлік цех ұйымдастыруға ниетті. Қазір көптеген бизнес-жоспарлар қаралып жатыр. Кәсіп иелеріне қажетті құрал-жабдықтар алу, қандай шараларды орындау керектігі, лицензия мен сертификаттар алу жолдары бойынша нұсқаулар берілуде.

Грантқа үміткер Талшын Тайтілеуова – ерекше баланың анасы. Ол табиғи өнімдерден үй жағдайында дайындалатын фаст-фуд жобасын ұсынып отыр. Екі жылдан бері осы кәсіппен айналысып жүрген ол грант арқылы жұмысын кеңейтіп, тұтынушыларға сапалы тағам жеткізуді жоспарлайды.

ТАЛШЫН ТАЙТІЛЕУОВА- ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Бұл жобаға қатысуға былтырдан бері ниеттеніп жүр едім. Биыл Алланың қалауымен мүмкіндігім туып отыр. Мен ерекше бала тәрбиелеп отырған анамын. Бұрыннан үй жағдайында тамақ әзірлеумен айналысатынмын. Енді осы жобаның арқасында өз кәсібімді бастауға бел будым. Менің жобам – фаст-фуд бағыты. Көбінесе табиғи өнімдерді пайдалануды жоспарлап отырмын.

Грант иегерлерінің жаңа жобалары жергілікті кәсіпкерлікті дамытып қана қоймай, қаланың әлеуметтік өміріне де серпін бермек.


АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА